Жаңа құжат цифрлық технологияларды дамытуға, жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге және қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыруға құқықтық негіз қалайды.
Кодекстің қабылдануы еліміздің жекелеген цифрлық бастамалардан мемлекеттік деңгейдегі кешенді цифрлық трансформацияға көшкенін білдіреді. Құжатта алғаш рет азаматтардың цифрлық құқықтары заңнамалық деңгейде бекітілді.
Енді қазақстандықтар өздерінің дербес деректерін басқаруға, оларды жоюға, жасырын түрлендіруге (анонимизациялауға) және өңдеуді шектеуге құқылы болады. Сондай-ақ биометриялық деректерді пайдалану тәртібі нақты регламенттелді. Бұдан бөлек, азаматтарға автоматтандырылған жүйелер мен жасанды интеллект қабылдаған шешімдерді қайта қарауды талап ету құқығы берілді.
Кодекс цифрлық құжаттар, мәліметтер, растамалар, push-хабарламалар және кодтар сияқты жаңа құқықтық ұғымдарды енгізеді. Сонымен қатар цифрлық активтер, платформалар, бағдарламалық қамтамасыз ету, цифрлық жүйелер, инфрақұрылым және цифрлық деректер өнімдері сияқты цифрлық объектілердің құқықтық мәртебесі айқындалды.
Мемлекеттік қызмет көрсетуге және елдің цифрлық архитектурасының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге арналған стратегиялық жүйелер ұлттық цифрлық объектілер мәртебесіне ие болады. Сондай-ақ смарт-келісімшарттар мен бөлінген жүйелерді пайдалану үшін құқықтық жағдай жасалды.
Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі – цифрлық деректер өнімдерінің бірыңғай алмасу платформасының енгізілуі. Бұл платформада цифрлық өнімдерді пайдалану шарттары ашық көрсетіліп, олардың қауіпсіз айналымы қамтамасыз етіледі. Платформа иелеріне киберқауіпсіздікті сақтау, рұқсатсыз қолжетімділікті және деректердің заңсыз таралуын болдырмау бойынша қатаң талаптар қойылады.
Жаңа заңға сәйкес, цифрлық трансформация мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор үшін міндетті бағытқа айналады. Енді жыл сайынғы цифрландыру бағдарламалары басшылардың негізгі тиімділік көрсеткіштерінің (KPI) бірі болады. Сонымен қатар кодекс киберқауіпсіздік талаптарын күшейтіп, мүгедектігі бар азаматтар үшін цифрлық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Мамандардың айтуынша, Цифрлық кодекстің қабылдануы Қазақстанда цифрлық экономиканы дамытуға серпін беріп, технологиялық прогресс пен азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.