Футбол ілімін қалыптастырмай тұрып, мықты футболшылар шығарамыз деу де – қателік.
Бүгінде Португалия елінде қазақ балаларын доп тебуге баулып жүрген футбол функционері Фазылбек Әбсаттарұлының даусы ашынғаннан қатты шығады.
"Елімізде футбол алаңдары жетіспейді. Астана қаласындағы "Астана", "Жеңіс", "SD Family" сияқты клубтар алаң таппай Алматы, Көкшетау, Шымкент секілді қалаларға барып ойнайды. Ал Қазақстан бойынша облыс орталықтарындағы жалғыз стадиондардың тозығы жетіп, көбі сертификаттаудан өте алмай отыр. Себебі, барлығы Кеңес одағы заманында салынған. Жаңадан салынған жалғыз "Астана Аренаның" өзі – жасанды алаң. Ал стандарт бойынша алаңда табиғи шөп болуы керек. Яғни, стандартқа сәйкес футбол алаңы жоқтың қасы.
Премьер-лигадағы кәсіпқой футболшылардың өзі стандартқа сәйкес алаңда ойнай алмай жүргенде, кәсіби емес клубтар мен әуесқой командалардың дайындалып жүрген жерлері туралы жазудың өзі – ұят. Киім ауыстыратын жердің не екенін білмейтін бала көп. Алаңдарында өтірік болса да, жасанды шөп сияқты бірдеңе тұрғанына қуанамыз. Ал оның астындағы цементтің бұлшықеттерді, бүйректі, т.б. зақымдап жатқаны туралы айтқанда, қылмыс жасап жатқанмен бірдей боласың… Қазақстанның 70-80 пайыз жерінде алты ай қыста футзалда, алты ай күн жылыда ешқандай стандартқа сай емес жерлерде доп тепкен баладан қандай футболшы шығуы мүмкін?" – дейді ол.
"Ғылым бар жерде ғана даму бар" деген футбол сарапшысы ең алдымен мамандарды дайындау үшін Еуропада оқытып-тоқытып, сосын әлемнің үздік футбол академияларына балаларды жіберу қажет деп есептейді.
Жақында ғана елімізге "Атлетико Мадрид" футбол клубының президенті келіп, клубтың академиясын Қазақстанда салу жобасын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен талқылаған еді. Фазылбек Әбсаттарұлы мұның да болашағына сенімсіздікпен қарайды. Себебі, атақты клубтардың кампусын салумен ештеңе бітпейтінін, бәрібір ғылыми көзқарас, футбол ілімін қалыптастыру қажет екенін айтады.
""Атлетико Мадрид" жобасы – іске аспайтын жоба. Себебі, ешқандай іргетасы, негізі жоқ. Футбол – әлемдегі аудиториясы ең үлкен спорт түрі. Сол үшін саясаткерлер саяси ұпай, электорат үшін ұпай жинағысы келеді. Уақытша сәт үшін. Интернеттен қарасаңыз, Қазақстанда Құдай-ау, "Милан" да, "Барселона", "Фенербахче", "Галатасарай", "Бешикташ" та, т.б. барлығы бар. Нәтижесі қайда? Өткенде Қырғызстан президенті де "Барселонаны" айқайлатып тұрып ашты. Ал одан не пайда? Тетіктерін іске асырмаған соң. Ондай клубтардың барлығы франшиза арқылы ақша алып отырады. Инфрақұрылымы сәйкес емес. Сәйкес болса да, жүйе қалыптастыру қиын. Мысалы, Гарвард университетінің ғимараттарын Қазақстанға жиырмасын салса да, ол Гарвард сияқты бола ала ма? Ол бар жоғы ғимарат, қабырғалар ғана. Сол секілді "Реал Мадридтің" кампусын салғанмен, оны қалыптастыруға 40-50 жыл кетеді. Неге? Себебі, ол жерге ғылыми қадам керек", - деді футбол функционері.