Қазақстанда мобильді аударымдарды 255 мың теңге емес, 1 млн теңгеден бастап тексеру ұсынылды

249

Депутат мобильді аударымдарды бақылау азаматтар мен шағын бизнеске жасайтын қысым құралына айналмауы тиіс деп отыр. 

Қазақстанда мобильді аударымдарды 255 мың теңге емес, 1 млн теңгеден бастап тексеру ұсынылды Фото: centeraktiv.kz

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мобильді аударымдарды бақылау тетігін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол осы мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдады. 

"Жаңа жылдан бастап күшіне енген мобильді аударымдарды бақылау қоғамда қызу талқылануда, бұл кәсіпкерлер мен азаматтар тарапынан наразылық тудырып отыр. "Ақ жол" фракциясы 2023-2024 жылдары осы жаңашылдықты қарастырудың бүкіл кезеңінде салық органдарының ұстанымдарын талай рет сынады, басқа елдердегі төлемдер мониторингінің мысалдарын келтіріп, азаматтар мен шағын бизнеске жаппай қысым жасамайтын бақылаудың неғұрлым либералды түрін ұсынды", - деді мәжілісмен.

Олжас Байдельдинов сынды сарапшылардың пікірінше, төлемдерді жаппай бақылау ұлттық валютаның қос бағамының қалыптасуына әкеп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуларға қарағанда қолма-қол төлемдер 10%-ға қымбаттаған түрік моделін қайталайды, деп атап өтті ол.

"Бұл елдегі инфляцияның күрт көтерілуінің бір көзі осы болып табылады. Мұндай қысым бизнес үшін айтарлықтай экономикалық және әлеуметтік шығындарға әкеп соғып, азаматтарымыздың қаржылық жағдайына қауіп төндіреді. Осыған орай, "Ақ жол" демпартиясы үздік шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, мобильді аударымдарды бақылау форматын қайта қарауды тағы да ұсынады. Атап айтқанда, көршілес Ресейде 2020 жылдан бастап күніне 30-дан астам аударым алатын тұлғалар ғана мониторингке жатады, олардың әрбір төлемі 1 мың рубльден, ал мұндай төлемдердің жалпы сомасы айына 1 миллион рубльден жоғары болуы керек, бұл 5,5 млн теңгеге пара-пар. Ал, бізде барлық төлемдер бақылауға жатады, соның ішінде, жалпы сомасы 255 мың теңгелік ең төменгі төлемдер де бар, яғни, Ресейдегіден 20 есе аз. Қажетсіз ақпараттың мұндай көлемінен кімге және қандай пайда?", - деп жалғастырды Азат Перуашев.

Депутаттар ай сайынғы төлемдердің жалпы шекті сомасының 255 мың теңге болуы шынайы жағдайға сәйкес емес дейді. 

"Төлемдер сомасын кәсіпкердің таза пайдасы ретінде қарастыруға болмайды. Тәжірибеде шағын бизнестің табыстылығы 15-20 пайызды құрайды, яғни, 255 мың теңге айналымнан оның табысы 50-60 мың теңгені құрайды, демек, төменгі жалақыдан да аз. Таза пайда жоғарыда аталған 255 мың теңгені құрауы үшін кәсіпкердің айналымы айына 1 миллион теңгеден көп болуы керек. Осыған байланысты партия айына 1 миллион теңгеден бастап мобильді төлемдерге мониторинг жүргізуді ұсынып отыр", - деді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу