Қазақстан энергия тапшылығын көрші елдердің көмегімен шешіп отыр. Алайда, бұлай жалғаса берсе, арты жақсылық әкелмесі анық. Сондықтан Үкімет басшысы жыл соңына дейін Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазынаға" мәселені шешуді тапсырды. Онсыз да, Ресей мен Украина қақтығысынан соң энергетика жабдықтарын жеткізу қиындап кетті. Десе де, министр Ақшолақов реформа жүргізуге бекінді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қазақстан өндірілетін энергияның 80 пайызын көмір мен мұнайдан алып отыр. Ал сол электр қуатын шығаратын станциялардың 65 пайызы тозған. Кесірінен қоршаған ортаға орасан зиян келіп жатыр.
Бұл ретте Үкімет басшысы экологиялық баланысты сақтау маңызды екенін айтты.
"Әлемдегі геосаяси жағдайды ескеретін болсақ, алдағы уақытта бұл салада айтарлықтай өзгеріс бола қоймауы да мүмкін. Дегенмен көмірқышқыл газын ауаға жібермей ұстап қалу және оны кәдеге жарату, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайту үшін жаңа технологияларды қолдануға басымдық берілуде", – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.
Энергетика саласында олқылық көп. Сондықтан министр Ақшолақов толықтай реформа жүргізуді қолға алмақшы. Бүгін Үкіметте жоспарымен бөлісті. Соның негізінде "таза көмір" жобасын іске асыратынын айтты.
"Жалпы көмірді қалай барынша қауіпсіз, экологияға әсерін азайтып пайдалануға болатынын әлем бойынша зерттеп жатыр. Мұның бірі күлді азайту. Басқа сөзбен айтқанда, қазір "Көмір жағуға болмайды. Бұл экологияға үлкен зиян" деген әңгімелер айтылып жатыр. Бірақ қалай болса да, ол бізге Алланың берген байлығы. Оны мұқият қарап, қолдану жолдарын іздестіру керек", – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов .
Бұған қоса 2035 жылға қарай тозған нысандарды 15 пайызға дейін азайту көзделген. Өкініштісі, энергия өндіретін станицяларға қажетті қондырғылар Қазақстанда өндірілмейді. Шет елден әкелінеді. Укриандағы жағдайдан кейін мәселе тіпті күрделене түскен. Не болса да проблеманы шешу үшін жыл сайын салаға инвестицияны 3 есеге арттыруды талап етеді.
"Саланы одан әрі терең жаңғырту үшін энергия нарығы тарифін айына бір МВТ үшін 590 мың теңгеден 855 мың теңгеге дейін көтеру керек деп есептейміз", – деп қосты Болат Ақшолақов.
Министрлік алдағы 3 жылда жаңартылатын энергия нысанын салуды да көздеп отыр. Ведомство 2035 жылға дейінгі тұжырымдама жобасын қазан айының соңына дейін Үкімет қарауына енгізбекші.
Арай Сүгірбай