Қазақстанда тісті қалпына келтіретін дәрі ойлап табылды

1714

 Қазақстанда тісті қалпына келтіретін дәрі ойлап табылды

Қазақстанда тісті қалпына келтіретін дәрі ел аумағындағы бірқатар қалаларда қолданыла бастады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "InnoDent" ЖШС директоры Бауыржан Айтуов мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Біздің жаңалық тіс жегісінің алғашқы кезеңдерінде тісті бұрғыламай-ақ емдеуге мүмкіндік береді. Технология тіс эмалінің табиғи қайта қалпына келуін имитациялайды. Егер клиникада сіздің немесе балаңыздың тісінен жегінің алғашқы белгісін анықтайтын болса, тіске біздің өнімнің бір тамшысы тісіңізге тамызылады. Бір айдың ішінде тістің сыртқы қабаты қалпына келеді. Өлген тіндер қайта өседі. Жаңалығымыздың инновациялық тұсы – бұл бір реттік процедура. Тіске пломба салу және тісті тесу қажеттілігі болмайды. Ол 15 минутқа ғана созылады", – деп атап өтті аталмыш өнімді ойлап тапқан Б. Айтуов.  Оның айтуынша, аталмыш технология халық үшін өте қолжетімді және қарапайым пломбалау әдісінен қымбат болмайды.

"Өнімді біз өзіміздің формуламен Швейцарияда жасаймыз. Біз оны Астанада тыстап, ары қарай клиникаларға өткіземіз. Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттіктен біз инновациялық стартапты қолдау грантын ұтып алдық. Ол қаражат біздің өнімді қаптамаға орау техникасын сатып алуға жұмсалды. Бұл өнім қазіргі уақытта қолжетімді, яғни сіздер клиникаға барып, тиісті ем-дом ала аласыздар. Алматыда – 35, Астанада – 11 клиникада бар. Сонымен қатар  Ресейдің – 15, Украинаның 15 клиникасында қолданылуда. Осы айда біз Шымкентке, Өскеменге оқыту өткізу үшін барамыз. Жыл соңына дейін осы екі қалада шамамен 20 клиникада InnoDent технологиясымен емдеу пайда болады деп болжап отырмыз", -– дейді өнертапқыш. Айта кетейік, республиканың ең үздік жобалары 25 қараша күні Инновациялық конгресс барысында ұсынылмақ. Ал ең үздіктері келер жылы болатын халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінде көрсетілетін болады.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу