Қазақстанда үш мемлекеттік ЖОО-ның ректоры таңдалды

1097

Қазақстанда үш мемлекеттік ЖОО-ның ректоры таңдалды

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен жоғары оқу орындарының басшылары лауазымына үміткерлерді анықтау бойынша Республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті.

Отырыс барысында Республикалық комиссия мүшелері ұсынылған құжаттармен танысып, конкурс қатысушыларымен сұхбат жүргізді. Онда үш университеттің ректоры лауазымына үміткерлер іріктелді.

Атап айтқанда, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына жаңа басшылар таңдалды, деп хабарлайды Премьер-Министрдің орынбасары хатшылығы.

Барлық үміткерлер жоғары білімі, 5 жылдан кем емес басшылық лауазымда жұмыс өтілі бар, сондай-ақ, ЖОО дамыту бағдарламасының болуы жағынан қойылып отырған талаптарға сәйкес келетінін атап өткен жөн. Сапалық құрамы жағынан байқауға білім және ғылым жүйесінің 26 өкілі қатысты (16 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты).

Үміткерлермен сұхбат және олар ұсынған ЖОО дамыту бағдарламасын талқылау нәтижесінде Республикалық конкурстық комиссия Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры бос лауазымына тағайындауға Марат Ибатовты, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры лауазымына Қуат Баймырзаевты және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры бос лауазымына Алтынбек Нұхұлын тағайындауды ұсынды.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік ЖОО-ның ректорларын тағайындау ережесі өзгерді. Енді жаңа талаптарға сәйкес ректорлардың тағайындалуы ашық конкурс негізінде жүргізіледі.

Бұған дейін мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары ҚР Білім және ғылым министрінің жеке шешімімен тағайындалып келді. Бұған дейін хабарланғандай, бұл жаңашылдық қазақстандық жоғары оқу орындарының басқару құрамын сапалы басшылармен толтыру және басқару дербестігін ұлғайту, сондай-ақ, қоғам алдындағы есептілікті күшейту қажеттігінен туындап отыр.

Ағымдағы айдың қазан айында ЖОО-ның бақылаушы кеңестерінің отырыстары өткізілді, онда үміткерлер ұсынған оқу орнын дамыту бағдарламалары қаралды. Оның қорытындысында ЖОО-ның бақылаушы кеңестері құпия дауыс беру арқылы Республикалық комиссия қарауына ұсыну үшін кандидаттарды анықтады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу