Қазақстанда жаңа қаржы құралы – әлеуметтік облигациялар орналастырылды

650

Бағалы қағаздар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде биылғы қыркүйектің басында тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz "Даму" қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Қазақстанда жаңа қаржы құралы – әлеуметтік облигациялар орналастырылды

Орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы сомасы – 1 млрд теңгені құрады, өтеу мерзімі – 5 жыл, кірістілігі – 11,9%, купонды төлеу жиілігі – жылына 2 рет.

Әлеуметтік облигациялардың дебюттік шығарылымы "Қазақстан қор биржасы" АҚ (KASE) алаңында жүзеге асырылды. Оны жергілікті институционалдық инвесторлар сатып алды. Halyk Finance мәміленің брокері және андеррайтері болды. Әлеуметтік облигациялардан қаражатты COVID-19 пандемиясы кезінде экономиканың барынша зардап шеккен секторларына екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары немесе лизингтік компаниялар арқылы қаржыландыруға жұмсау жоспарланып отыр. Бұл шығарылым Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) әлеуметтік облигациялары қағидаттарына (SBP) толығымен сәйкес келеді, ол "Эксперт РА" рейтингтік агенттігі" АҚ-тың тәуелсіз қорытындысымен расталған.

"Жаңа құрал экономиканы қаржыландыруда ESG қағидаттарын ілгерілету бойынша бірлескен бастамалар аясында шығарылды. Күн сайын біз осы сегменттегі өсуді байқаймыз деп үміттенеміз, себебі әлемдегі эмитенттердің едәуір саны заманауи әлемнің барлық сын-қатерлеріне жауап беруге тырысып, олардың экологияның жаһандық мәселелеріне қосқан үлестері ғана емес, сонымен қатар өздерінің тиімді және орнықты даму мүмкіндіктері де осыған байланысты болатынын түсінеді, - деп атап өтті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.

Орнықты даму қағидаттары үш негізгі құрауыштан – қаржыландырудың экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік (Environmental, Social, Governance – ESG) бағыттардан тұрады.

Әлеуметтік облигациялар нарығының мақсаты – әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға арналған борыштық құралдарды дамыту. Бұл жағдайда оң әлеуметтік әсерге қазіргі жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру есебінен қол жеткізілетін болады.

"KASE Қазақстанда  ESG  стандарттарын белсенді түрде ілгерілетуде. Біз листингтік талаптарды әзірлеп, жасыл, әлеуметтік және өзге де облигациялар үшін жеңілдік талаптарын, сондай-ақ верификаторлар – ESG-жобаларына тәуелсіз бағалауды жүзеге асыра алатын компаниялар үшін өлшемшарттарды айқындадық. Бүгінгі күні KASE – бұл осындай жобаларды қаржыландыруға арналған сындарлы алаң. "Даму" қорының әлеуметтік облигацияларының шығарылымын "Эксперт РА" рейтингтік агенттігі KASE-мен меморандум шеңберінде анықтап тексерді. Әлеуметтік облигациялардың дебюттік шығарылымы басқа эмитенттерге қор нарығын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сапалы құралдармен толтыруға жақсы үлгі болады деп үміттенеміз", - деді Қазақстан қор биржасының (KASE) Басқарма төрайымы Алина Алдамберген.


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу