Тіпті, жолының нормативтік жағдайы 50 пайыздан сәл ғана асатын облыс та бар.
Қазақстандағы автожолдардың жалпы қашықтығы 95 мың шақырымды құрайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Шыны керек, республикалық маңызы бар жолдарда жол-көлік оқиғасы жиі болады. Бұған жол сапасының нашарлығы да әсер етсе керек.
Жалпы, жол салу кезінде сапаны бақылау арнайы бес сатыдан өтеді. Олар – тапсырыс беруші, мердігер, техникалық қадағалау, жоба авторы және жол активтерінің сапасының ұлттық орталығы.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин "Елдегі автомобиль жолдарының қазіргі жағдайы қандай?" деген сұраққа жауап берді.
– Елдегі автожолдардың жалпы қашықтығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық желінің жалпы ұзындығы 24 мың шақырым болса, нормативтік жағдайдағы үлесі 92% деп белгіленген. Жергілікті желінің ұзындығы – 70 мың шақырым. Оның 87%-ы нормативтік талаптарға сәйкес келеді. Жол жабынының сапасын арттыру мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр, – деп хабарлады ол.
2006 жылдан бері еліміздегі 190 тәжірибелік учаскеде құрылыс, реконструкциялау және жөндеу кезінде жаңа материалдар мен технологиялар сынақтан өткен. 2023 жылы "ҚЖҒЗИ" АҚ жолқұрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай деректер базасын әзірлеп шықты. Бұл база жол құрылыс материалдарының бірыңғай базасы мен инновациялық технологиялар тізілімінен тұрады.
Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, шаруашылық автомобиль жолдары, сондай-ақ елді мекендердің көшелері болып бөлінеді. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар жатады. Бүгінгі күні 143 мың шақырымды құрайтын жергілікті (облыстық және аудандық маңызы бар) жолдар мен елді мекендердің көшелері бар.
- Заңға сәйкес елді мекендердің көшелері тиісті жергілікті атқарушы органдардың қарамағында болады және коммуналдық меншік болып табылады. Осы ретте, қалалық және ауылдық аймақтардағы жолдарды салу, олардың сапасын реттеу және жөндеу жұмыстарын жүргізу жергілікті әкімдіктің құзырына кіреді. Елді мекендердің көшелерін қаржыландыру Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері және жергілікті бюджет арқылы жүргізіледі. Өз кезегінде Министрлік халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды салу және олардың сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүргізеді, - деп хабарлады комитет мамандары.
Осы күні жергілікті жолдар бойынша нормативтік үлесі жақсы өңірлер қатарында Жамбыл (98%), Маңғыстау (97%) және Павлодар (94%) облыстары бар. Ал, нормативтік үлесі нашар өңірлер қатарын Атырау (76%), Ақтөбе (75%) және Батыс Қазақстан (52%) облыстары толтырып отыр.
Министрлік жергілікті жолдарды және республикалық маңызы бар қалалардың көшелерін қаржыландыру бойынша жолдардың құрылысын салуға және реконструкциялауға нысаналы қаражатты бөлуді жүзеге асырады. Биыл бөлінген қаражаттар есебінен 4,3 мың шақырым жергілікті жолдарды қамту, оның ішінде 3,9 мың шақырымды аяқтау жоспарланған. Жыл қорытындысымен жергілікті жолдардың нормативтік үлесін 87%-дан 89%-ға жеткізу жоспарланған.
– Жолдар тұрақты жөндеуді қажет етеді деген пікір бар, бірақ біздің желі стандартты қызмет мерзіміне сәйкес жөнделеді. Осылайша, автомобиль жолдарының өзіндік қызмет ету мерзімі бар. Асфальтбетонды жолдар үшін бұл шамамен – 15-20 жыл. Пайдалануға берілгеннен кейін 5 жыл өткен соң, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл – тас жолдың өмірлік циклі. Жолдың нашарлауына үлкен көлік жүктемелері, соның ішінде оське рұқсат етілген жүктемелерден асатын жүктемелер әсер етеді. Сонымен қатар, күрделі, күрт континенттік климаттық жағдайлардың әсерінен материалдардың өзі ескіреді, – деді комиет төрағасы Т.Тұрсынұлы.
Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында 8 негізгі автожол дәлізі бар. Бұл дәліздер арқылы жылына шамамен 5 млн тонна транзиттік жүк өтеді екен. Дәліздердің жалпы ұзындығы – 13,2 мың шақырым.