"Алпауыт құрылысқа" ақша табу мәселесі қырғыз бен өзбек ағайындар үшін әлі де өзекті болып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жақында Қытай Қырғызстан мен Өзбекстанға теміржол салу үшін 2 миллиард 350 миллион доллар несие беретіні туралы хабар таратып, республика тұрғындарының зәресін ұшырды. Мәселе мынада, жобаның жалпы сомасы 4,7 миллиард долларға бағаланады. Осы соманың жартысын 2 млрд 350 млн долларды – Қырғызстан, Өзбекстан мен Қытай өкілдері кіретін бірлескен жобалау компаниясы (БЖК) несие түрінде алады.
"Осы соманың 50%-ын Қытай тарапы барлық тараптарға несие түрінде береді. Әрбір тарап қалған 50%-ын өз қаражаты есебінен салуы тиіс", - деп түсіндірді "Қырғыз темір жолы" мемлекеттік компаниясының басшысы Азамат Сакиев жақында өткен парламенттік отырыста Қырғызстанның үлесі шамамен 700 млн АҚШ долларын құрайтынын айтты.
Алайда "Қырғыз темір жолы" бас директоры Қырғызстандағы жұртшылықты қызықтыратын ең маңызды нәрсе – Қытай несиесі қандай шарттарда берілетінін нақтылаған жоқ.
"Біз екі Қытай банкімен — Инэксимбанкпен және Қытай Ұлттық банкімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар бізге коммерциялық емес негізде несие береді. Қазіргі уақытта талқылаулар жүріп жатыр", - деді ол.
Журналист Мамед Мамедзаде айтуынша, қырғыз бас теміржолшысының Қырғызстанға "коммерциялық емес негізде" несие берілетіні туралы мәлімдемесі шындыққа жанаспайтын дүние. Қытай қашаннан бері қайырымдылықпен айналыса бастады? Өйткені, қытайлықтар басқа елдерге өз шарттарымен қарыз қаражатын бөлетінін бәрі біледі, олардың бірі-өз жұмыс күші мен техникасы жобасын жүзеге асыруға міндетті қатысу, сондықтан жергілікті тұрғындар өз аумағында теміржол маршрутын салу жұмыстарына қатыспайды деп топшалауға болады.
Саясаттанушы Валерий Гладилиннің айтуынша, Қырғызстан жергілікті еңбек кадрларын тартпай-ақ өздері игеріп жатқан теміржолдың бір бөлігін салу үшін Қытайдан үлкен несие алып, оны республикаға беруге тура келетін абсурдтық жағдай қалыптасуда.
Сарапшы жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігінің болмауы республикада әлеуметтік дағдарысқа әкелуі мүмкін деп болжайды.
"Қарапайым халықтың реакциясын елестету қиын емес, өйткені билік бізге "ғасыр құрылысы" республиканың экономикалық дамуына серпін береді, көптеген жұмыс орындары пайда болады деп жар салып, жарнамалауда. Ақыр соңында бәрі керісінше болайын деп тұр", - деп атап өтті саясаттанушы.
Экономист Сапар Токтосунов теміржол құрылысына соңғы сараптамалық бағалаулар бойынша бұрын мәлімделген 4,8 млрд соманың орнына 8 миллиард АҚШ доллары қажет деп мәлімдейді. Ол әзірге жұртшылыққа тек теміржол бағыты белгілі екенін, бірақ жобаның құны мен оны жүзеге асыру тәсілі толық анықталмағанын атап өтті. Оның айтуынша, Қытайдан алынған несиелер есебінен теміржол салу – қауіпті бизнес.
"Сондықтан ең басты мәселе – Қырғызстан бұл жобаға қандай шарттармен қатысатынын анықтап алу керек. Сонымен қатар, кейінгі кездері өсіп келе жатқан мемлекеттік қарыз мәселесі бар. Мүмкін, Қытайдың жаңа несиесіне балама болашақ теміржол маршрутының жолында жатқан бірнеше алтын кен орындарын аспан асты елінен инвесторларға беру болуы мүмкін. Сондықтан қаржы тарапы негізгі мәселе және ол шешілгенге дейін біз ешқандай қадамдарды көре алмаймыз", - дейді сарапшы.