Айсамал Сансызбаева ауыр атлетикадан онлайн әлем кубогінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Olympic.kz. Перудің Лима қаласында Перу ауыр атлетика федерациясының ұйымдастыруымен онлайн әлем кубогі өтіп жатыр.
Айсамал Сансызбаева қоссайыс нәтижесі бойынша 244 келіні бағындырып, Қазақстан қоржынына кезекті алтынды салды. Жастар арасында алғашқы жарысына қатысқан тағы бір қазақстандық Жанәли Тұяқов үшінші орыннан көрінді. Ол ерлер арасында 102 келіден жоғары салмақ дәрежесінде бақ сынап, қоссайыс нәтижесі бойынша 319 (140+179) келіні көтерді.
Осылайша, Қазақстан қоржыны тағы бір алтын, бір қола жүлдемен толықты. Осыған дейін Абылай Әуелханов пен Рахат Бекболат алтын алса, Гүлнұр Ыбырай қола жүлдеге қол жеткізген болатын.