Астанада Sax Invest қаржы пирамидасын құрып, жұмысын ұйымдастырғандар тергеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты ҚМА-ға сілтеме жасап.
Компания өзін инвестициялық қор ретінде таныстырған, бірақ уәде етілген дивидендтер (ай сайын 2-3 пайыздан) қатысушыларға жаңа салымшылардан қаражат тарту арқылы ғана төленген.
Азаматтарға брокерлік қызмет көрсету, бағалы қағаздар нарығындағы сауда және Ангола Республикасында (Африка) алмаз өндіру жобасына инвестициялау бойынша қызметтерді орындауға сендіре отырып, қаражаттарын сенімгерлік басқаруға беру ұсынылған.
Sax Invest ресми сайтында тіркелу және жеке кабинетке кіру үшін жоба клиентінен сілтеме алу қажет, яғни жобаға кіру, шақыру сілтеме арқылы ғана жүзеге асырылған.
Бонустар жаңа салымшылар тартылған жағдайда өскен, оларды кейіннен компания жүйесі ішінде басқа тұлғаға аудару арқылы қолма-қол ақшаға айналдыруға болатынын айтқан.
Салымшылардың барлық ақшалай қаражаттары компанияның банктік шотына емес, ұйымдастырушының жеке банктік картасына аударылған.
2018 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде компаниядағы ақша айналымы 18 млн АҚШ долларына (9 млрд теңгеге жуық) жетіп, 3 мыңнан астам салымшы болған.
Sax Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларының бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері тергеу мүддесінде жария етілуге жатпайды.