Елімізде былтырдан бері халықтың инвестициялық белсенділігінің артуы байқалады. Қазақстандықтар арасында танымал қаржы құралдарының саны артты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Негізгі себептер халықтың қаржылық сауаттылығының өсуі және бағалы қағаздар нарығына деген сенімнің артуы, сонымен бірге банктік депозиттердің тартымдылығын төмендеткен жоғары инфляция мен ұлттық валютаның құбылмалылығы болып табылады.
Биылғы жылы пайлық инвестициялық қорлардағы (ПИҚ) салымдардың айтарлықтай өсуі байқалды. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еліміздің аралық және мерзімді инвестициялық пай қорларының таза активтерінің көлемі рекордтық 128,9 млрд теңгеге жетті, бұл 2020 жылғы 1 қазанмен салыстырғанда 2,2 есе көп. Бұл ретте активтердің 95%-ға жуығы валюталық пай қорларына келеді. Валюталық пай қоры АҚШ долларына инвестициялауға және шетел валютасындағы депозиттерден көбірек пайда табуға мүмкіндік береді (шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлеме қазір шамамен 1%).
Қазір елімізде валюталық пай қорларын басқаратын екі ірі компания бар. Басқаруында жалпы сомасы 57,2 млрд теңге болатын инвестициялық пай қорларының портфелі бар Halyk Finance, сондай-ақ басқаруында 50,9 млрд теңге қор бар BCC Invest.
Пайлық инвестициялық қор – бұл ұжымдық инвестицияның нысаны, инвестор өз қаражатын қорға орналастыратын және ол үшін барлық активтердің бір бөлігін және сәйкесінше пайданы алатын құрал. Инвесторлар өз қаражаттарын бір шотқа салады, сол арқылы басқарушы компания активтерді сатып алады және оларды инвестициялық стратегияға сәйкес басқарады. Өз кезегінде инвесторлар акцияларды, яғни осы шоттық бөліктерін және сәйкесінше қор жұмысынан түсетін пайданы алады.