Депозиттерді долларсыздандыру үрдісіне қандай факторлар әсер етеді? Ел экономикасын долларсыздандыру қаржы жүйесінің тәуекелдерін төмендетуге, жүргізіліп жатқан ақша-несие саясатының тиімділігін арттыруға, ұлттық валютаның қалыптасуына әсер етеді.
Биылғы қыркүйек айының соңындағы жағдай бойынша елдегі екінші деңгейлі банктердегі халық салымдарының көлемі 14,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл былтырғыға қарағанда 17,1%-ға артық. Оның ішінде ұлттық валютадағы салымдар үлесі 65,4% болса, шетел валютасындағы салымдар – 34,6%.
2017 жылдың қыркүйек айында шетел валютасындағы салымдар үлесі 57,2%-ды құраса, 2016 жылы – 66,9%, 2015 жылы – 76,4%.
2016 жылдан бастап теңгедегі салымдар үлесінің ұлғаюы байқалады. Тұтынушылар ұлттық валютадағы жинақтарға басымдық беруде.
Ұлттық Банктің статистикалық деректеріне сәйкес, жеке тұлғалардың мерзімді теңгелік салымдары бойынша сыйақы мөлшерлемесі осы жылдың қыркүйегінде 12,2%-ға дейін өскен. Өткен жылдың соңында бұл көрсеткіш 7,8%-ды құрады. Шетел валютасындағы мерзімді салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 0,9%.
Осы тұста жеке банктердегі сыйақы мөлшерлемесі орташа деңгейден жоғары екендігін айта кету керек. Егер де отандық депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынатын 2022 жылғы желтоқсанға арналған сыйақының ең жоғары мөлшерлемелерін қарастырсақ, толықтыру құқығынсыз мерзімді салымдар бойынша мөлшерлеме – 16,5%, жинақ салымдары – 17,5%.
DATAmetrics сарапшылары теңгелік салымдардың негізгі артықшылығын есептеп шығарған. Мысалы, 1 млн теңгені теңгелік депозитте орта есеппен бес жыл бойы сақтайтын болсаңыз, онда капитал өсімі 59%-ды құрамақ (+593 958 тг). Егер де ақшаны долларлық депозитте сақтайтын болсаңыз, бес жыл ішінде одан түсетін табыс 501 336 теңге болады. Бұл тұста теңгенің долларға қатысты бағамының өзгеруі есепке алынады. Егер де ақшаны 50/50 қағидаты бойынша сақтаған жағдайда, онда депозиттерден түсетін табыс – 547 660 теңге.