Қазақстанға АЭС не үшін қажет?

618

Атом энергетикасы саласында еліміздің әлеуеті зор дейді сарапшылар.

Қазақстанға АЭС не үшін қажет? Фото: canva.com

Астанада АЭС құрылысы бойынша қоғамдық талқылау өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалованың сөзінше, әлемдік тәжірибеде АЭС-тың бірнеше реакторлары жұмыс істейді.

"Қазіргі уақытта Қытайда 26 реактор салынып жатыр. Түркия еліндегі алғашқы атом электр стансасында 4 реактор бар. Көршіміз Өзбекстан атом электр станциясын саламыз деп жариялады. Негізінен кейбір мемлекеттерде атом энергиясы дамымаған, алайда олар АЭС салып жатыр. Қазақстан уран өндіруден басқа, дайын ядролық отын дайындайтын болады. Қазіргі уақытта Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауыты дайын ядролық отын дайындайды. Бұл өнім экспортқа кетіп жатыр", - деді ол.

Сөзінше, АЭС саласында істейтін жоғары білімді мамандар мен технологиялар бар.

"Қазақстанда ядролық отынды пайдаланатын үш зерттеу реакторы жұмыс істейді", - деді Гүлмира Мұрсалова.

"Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің сөзінше, реактор технологиясын жеткізушілердің қысқа шорт-тізімінде Қытай, Оңтүстің Корея, Ресей, Франция бар. Сарапшы АЭС салу елдің дамуына қалай әсер ететініне тоқталды.

"Бүгінгі таңда көптеген инвестициялық жобалар бар. Ақша бар, инвесторлар бар. Бірақ энергия жоқ, яғни тұрақты энергия қажет. Тиісінше атом электр станциясының құрылысы елдің индустриализацияға көшуіне, яғни шикізатқа тәуелділігінен арылуға септігін тигізеді. Қазір біз тек шикізат экспорттаймыз. Салықтық түсімдер 3 млрд долларға дейін бағаланып отыр", - деді сарапшы.

Айтуынша, экономикалық тұрғыдан елдің инвестициялық тартымдылығы арта түседі, парниктік газ шығарындылары жылына 10 млн тоннаға дейін азайтылады. Сонымен қатар 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, осыған дейін Астанада АЭС құрылысы бойынша қоғамдық тыңдау басталғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу