Қазақстанға есірткі қайдан келеді?

440

Жыл басынан Қазақстанға шетелден тасымалданатын есірткі көлемі артқан.

Қазақстанға есірткі қайдан келеді? Фото: Ашық дереккөзден

Биылдың өзінде Қазақстан шекарасында тоннаға жуық ауыр есірткі тәркіленген. Олардың 800 келісі өзге елден Қазақстанға кіргізілмек болса, қалғаны сыртқа шығарылмақ болған. Бұл туралы арнайы есеп берген шекара қызметінің басшылары мәлімдеді. Ірі көлемдегі есірткіні тасымалдамақ болғандар Түркістан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында ұсталған.

Жыл басынан Қазақстан шекарасында 1 200-ге жуық құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде 68 адам Қазақстан аумағына заңсыз кірмек болған. 344-і мемлекеттік шекара режимін бұзғаны үшін ұсталған.

"Соңғы уақытта өзге ел азаматтарының шекараны бұзу әрекеттері жиілеп кетті. Олар біздің елде транзитпен, туристік визамен келіп, көрші Ресей мемлекетіне заңсыз кетуге тырысады. Тек ағымдағы жылдың шілде айында ҰҚК ШҚ Қазақстан-Ресей шекарасын заңсыз кесіп өту мүмкіндігін іздеп жүрген 210 шетелдік азаматтарды анықтады", - деді ҚР ҰҚК ШҚ шекара күзеті департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Ахметқалиев.

Шекара басшылығы жария еткен тағы бір жаға ұстатар факт - соңғы 6 айда қос азаматтығы бар 250 отандасымыздың ұсталғаны. Яғни, осыншама адам  Қазақстан азаматтығынан айырылып, елден қуылған. Сондай-ақ шекарашылар ұлттық шекарамызды жалған құжатпен кесіп өтпек болған 150-ге жуық адамды анықтапты. Олардың ішінде өзі ғана кетпей қомақты қаржыны шетел асыруға тырысқандары да болған. 

"Үш жүз қырық төрт жағдайда 2 млрд 800 млн астам сомаға шетел валютасын әкетудің жолы кесілді, 184 млн теңгеден астам сомаға зергерлік бұйымдарды заңсыз әкету әрекеті анықталды. 166 жағдайда әр түрлі калибрлы қаруларды, оқ-дәрілерді шекарадан заңсыз өткізудің әрекеттері тоқтатылды. Діни сипаттағы 3000-нан астам кітап пен брошюралар анықталып, тиісті сараптамаларға берілді", - деді ҚР ҰҚК ШҚ шекаралық бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары Ғани Ағаділов.

БАҚ өкілдерінің алдында жұмыстарының нәтижесінмен бөліскен шекарашылар 48 бекеттің жөндеуден өткізіліп жатқанын, тағы қосымша 50-і салынатынын айтты. Ал дәл осы заставаларда мінсіз қызмет атқарып, сіз бен біздің ұйқымыздың тыныштығын күзеткен сарзабдардың арасында әлімжеттік жоқ деп сендірді. Өткен жылы Жамбыл облысындағы "Шөлдала" бекетінде қайтыс болған азаматтың өліміне қатысты істің әлі аяқталмағанын айтты.  Бұл факті бойынша әзірге 5 әскери қызметкер жұмыстан босатылғаны белгілі болды.

"Шекара қызметінде әлімжеттік жоқ. Ал өткен жылы орын алған фактілер бойынша жіті тексеру жүргізілді. Мирашқа қатысты іс Шымкент горнизонының әскери сотына жіберілді. Әр оқиғаның себебі әртүрлі. 2 сарбазымыз құмар ойын ойнап, қарызға кіріп кеткен соң өз-өзіне қол салған", - шекара қызметі кадрлар басқармасының басшысы Ерік Беріков.

Қазақстан шекарашыларында ел аумағына кіруге рұқсаты жоқ адамдардың арнайы тізімі бар екен. Сол тізімге сәйкес ортақ базадағы мәліметтерге сүйене отырып, шекарашылар мұндайларды Қазақстанға жолатпайды. Брифингке келген Шекара қызметі басышалырның айтуларынша, олардың рұқсатынсыз ел аумағынан шыбын да ұшып шыға алмайды. Бірақ шен таққан әскерилер қаңтар оқиғасына кінәлі деп танылған Күдебаевтың еш кедергісіз қалай қашып кеткенін түсіндіре алмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу