Қазақстанға шетелдік үздік мамандар тартылады

Қазақстанға тапшы кәсіптер бойынша 500 үздік маман шақыртылады.  

Қазақстанға шетелдік үздік мамандар тартылады Фото: naryk.kz

Бұл туралы Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы туралы брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Спикердің сөзінше, құжат елдің экономикалық дамуын кадрлық қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталған. Онда негізгі мәселелердің 3 блогы анықталған.

Олар: елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау, ел өңірлері арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді жою,  сондай-ақ Қазақстанға тапшы кәсіптер бойынша 500 үздік маман тарту көзделетін 7 бағыт.

"Бірінші бағыт – білім беру иммиграциясы, оның мақсаты Қазақстанды өңірлік білім беру хабы ретінде айқындау болып табылады. Профессор-оқытушылар құрамын күшейту және білім беру сапасын арттыру үшін Қазақстанға сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды тарту ұсынылады.

Тұруға ықтиярхат алу құқығымен он жылдық "Ғылыми-педагогикалық виза" берудің оңайлатылған тәртібін және кейіннен Қазақстан азаматтығын енгізу көзделеді. Осындай мүмкіндіктерді тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер арасынан магистранттар мен бакалаврлар үшін тарату ұсынылады", – деді Ілияс Испанов.

Елімізге жиі тартылатын және бір мезгілде Қазақстан үшін тапшы кәсіптер бойынша 100 үздік шетелдік маманды тарту ұсынылады. Олар үшін тұруға ықтиярхаты бар "Бағалы дағдылар визасы" енгізіледі және тапшы кәсіптер мен мамандықтар үнемі жаңартылып отыратын рейтингі қалыптастырылады.

Бұл ретте көрші елдерден, оның ішінде бейресми арналар арқылы келетін еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алуды күшейту көзделеді.

"Еңбек мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты қажеттілігін ескере отырып айқындалатын болады, сондай-ақ мигранттардың еңбек қызметінің орнын қатаң бақылау қамтамасыз етілетін болады. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға 14 957 рұқсат берді және ұзартты, оларға 6,6 млрд теңгеден астам салық алымы төленді", – деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу