Қазақстанға жылына қанша турист келеді?

Еліміздегі туристер көп баратын ТОП-5 жер де белгілі болды. 

Қазақстанға жылына қанша турист келеді? Фото: pibig.info

Оның бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және Түркістанның бай мәдени мұрасы.

Өткен жылы Қазақстанды бетке алған туристер саны да айтарлықтай артып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының Спорт және туризм министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, елімізге келетін туристер саны жыл сайын өзгеріп отырады. Мысалы, пандемия уақытында азайса, 2023 жылы қайта қалпына келген. 2019 жылы келушілер саны 8,5 миллион адамды құраса, 2020 жылы пандемияның салдарынан көрсеткіш 2 миллионға дейін төмендеген. Ал, 2021 жылы одан да азайған, яғни 1,3 миллион адам ғана ел туризмін тамашалаған. 2022 жылы жағдай бірқанша оңалып, 4,7 миллионды бағындырған, ал 2023 жылы 9,2 миллион адам Қазақстанға турист ретінде келген.

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев соңғы жылдары қабылданған іс-шаралар келушілер санының қалпына түсуіне ықпал еткенін айтып отыр. Орналастыру орындарында қызмет көрсетілген шетелдік келушілердің саны да тұрақты түрде өскен. Мысалы, 2019 жылы – 979,8 мың адам, 2020 жылы – 252,7 мың адам, 2021 жылы – 329,8 мың адам, 2022 жылы – 928 мың адам, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 1 084,8 мың адамға жеткен.

– Қазақстанда туризмді дамыту үшін тек статистикалық көрсеткіштермен шектелмей, нақты жобаларды жүзеге асыру маңызды. Осы мақсатта бірқатар инфрақұрылымдық және жарнамалық жоба іске қосылды. Алматының тау кластері, Щучье-Бурабай аймағы және Маңғыстау облысын дамыту бағыттары – еліміздің негізгі туристік аймақтары. Жаңа жолдар салу, демалыс орындарын жетілдіру және туристік бағыттарды қайта қарау жұмыстары атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта осы аймақтарда демалушылар үшін арнайы мангалдар мен барбекю аймақтары, санитариялық-гигиеналық тораптар және қоқыс контейнерлерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде, - деді комитет төрағасы.

Қазақстандағы негізгі туристік бағыттар мен көрнекті орындарға Алматының тау кластері, Маңғыстаудың табиғи мұралары, Түркістанның тарихи ескерткіштері, Бурабайдың көркем курорттық аймағы және Астананың заманауи сәулет нысандары жататынын көпшілік жақсы біледі. Сондай-ақ, Алматының асқар таулары, Маңғыстаудың шөлейт ландшафтары, Түркістанның көне тарихы, Бурабайдың көркем табиғаты және Астананың заманауи сәулеті – туристерге жан-жақты көтеріңкі көңіл күйге бөлейді.

Осы орайда, Қазақстанда туристер көп баратын ТОП-5 жердің тізімі туралы ақпаратқа қолымыз жетті. Келушілері көп жерлерге жылына қанша турист аялдайтыны да белгілі болды. Мұндай орындарға Алматының тау кластері, Щучье-Бурабай курорттық аймағы, Маңғыстаудың курорттық аймағы, Түркістан туристік аймағы және Алтай курорттық аймағы жатады.

Биылғы жылдың қаңтар-наурыз аралығында осы аймақтарда 770 мыңға жуық адам демалған. Бұл көрсеткіштер негізінде ең көп туристерді қабылдаған Алматының тау кластері тұр. Оның табиғаты мен таңғажайып тау пейзажы 550 мыңнан аса туристті таң-тамаша еткен. Щучье-Бурабай курорттық аймағы өзінің көкке өрлеген Көкшетауы, сұлулығына көз тоймайтын қалпымен, мөлдір көлі, қалың орманымен танымал. Бұл жерге 70 мыңға жуық саяхатшы келген. Үшінші орынға – Маңғыстау курорттық аймағы ие болып тотыр, оның бірегей табиғи ландшафттары мен Каспий теңізінің жағалауы 58 мыңдай туристтің таңдауына іліккен. Төртінші орын Түркістан туристік аймағына тиесілі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Түркістанның тарихи-мәдени бай мұрасын 26 000-нан аса қонақ көріп қайтты. Бесінші орынды Алтай курорттық аймағы алып отыр. Бұл жерді 20 мың турист арнайы таңдап, саяхат жасаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу