"Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық автомобиль магистралінде орналасқан "Нұр Жолы" кеден бекетінде ЕАЭО-ның кедендік шекарасы арқылы валютаны заңсыз өткізу фактілері анықталды, деп хабарлайды қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті.
4 қыркүйекте кедендік бақылау жүргізу кезінде 10 203 АҚШ доллары сомасында ақша қаражатын алып өтуге әрекет жасаған 1978 жылы туған Тәжікстан азаматы ұсталды. 29 тамызда 90 603 юань мен 3000 теңгені алып өтуге әрекет жасаған қытайлық, 27 тамызда 10 000 АҚШ долларын және 119 200 теңгені алып өтпек болған қазақстандық азамат ұсталған.
"Аталған азаматтардың іс-әрекеттерінде ҚР ӘҚБтК-нің 551-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық белгілері қаралды. Аталған жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды",– делінген хабарламада.
Айта кетсек, Қазақстан шекарасынан кез-келген көлік құралымен (әуе, жер, су) өту кезінде, бір адамға шаққанда қандай да бір валютада жалпы сомасы 10 мың АҚШ долларынан асса, декларациялану керек. Декларацияланған сома салықтан немесе кедендік баждардан босатылады.