Қазақстанның 385 тоннадан астам стратегиялық активі бар

869

Еліміздің халықаралық резервтерін сақтау мәселесі бұрынғыдан да өзекті.

Қазақстанның 385 тоннадан астам стратегиялық активі бар

Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Қазақстан экономикасының алдында жаңа міндеттер тұр. Ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы ресми бағамы бұрынғысынша рекордтық төменгі деңгейде. 2022 жылғы 14 наурыздағы жағдай бойынша бір АҚШ доллары үшін 510,79 теңге, бір айдағы құнсыздану – 19%-ға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі ranking.kz-ке сілтеме жасап. 

Елде жағдайды тұрақтандыру және келеңсіз зардаптарды азайту бойынша шаралар қабылдануда. Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп, Қазақстан Республикасының Үкіметі дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыруда.

Мұндай жағдайда Қазақстанның халықаралық резервтерін сақтау мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Қазіргі ақша-несие саясаты мен құбылмалы айырбас бағамына ұмтылу дәл осы мақсатты көздейді.  

Еске салайық, биылғы жылдың ақпан айының басында елдің жалпы халықаралық резервтері 33,4 млрд долларды құрады, бұл 2020 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 13,8%-ға артық. Яғни, COVID-19 пандемиясымен байланысты дағдарысқа қарамастан, елдің алтын-валюта қоры айтарлықтай өсті.  

Қиын экономикалық кезеңде алтын қоры экономиканы тұрақты ұстап тұратын құрал болып табылады.

Бұрын алтын қорлары 2012-2013 жылдардағы жаһандық дағдарыс кезінде, сондай-ақ теңге валюталық интервенциялар арқылы қолдау тапқан 2014 жылғы оқиғалардан кейінгі жергілікті "санкциялар" дағдарысы кезіндегі жағдайды реттеу үшін пайдаланылды. Дәл осы кезеңде елдің алтын қоры рекордтық деңгейге азайды.  

Интервенциялардың негізгі үлесі 2014-2015 жылдары орын алды, бұл кезде таза сатылымдар сәйкесінше 22,4 млрд доллар және 12,7 млрд долларды құрады.

Соңғы 10 жылда алтынды белсенді сатып алудың арқасында Қазақстан алтын қорындағы бағалы метал көлемі бойынша әлем елдері рейтингінде 15-орынға көтерілді, ал ХВҚ мен ЕОБ-ты есептемегенде ел 13-орынға көтерілді. Осылайша, еліміз Португалияны басып озды. Қазір Қазақстанның еншісінде 385,3 тонна алтын болса, оның негізгі көлемі соңғы 10 жылда алынған. Мәселен, 2012-2021 жылдар аралығында еліміздің Ұлттық банкінің алтынды жалпы сатып алуы 320,4 тоннаны құрады. Сатып алудың максималды көлемі 2018 жылы байқалды – 50,6 тонна.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу