Қазақстанның ішкі нарығы қорғалмаған

496

Отандық кәсіпкерлер шеттен төмен бағамен келетін заңсыз тауар ағынына тосқауыл қоюды сұрайды.

Қазақстанның ішкі нарығы қорғалмаған

Өйткені, бұл елдегі өндірісті тежеп, салдарынан шаруалардың еңбегі далаға кетіп отыр дейді.

Биылғы қаңтар-маусымда Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара саудасы 14 млн АҚШ долларына жуықтады. Бұл былтырмен салыстырғанда 4% артық. Экспорт бес жарым млн долларға таяса, импортымыз сегіз жарым миллион шамасында. Көбіне ауыл шаруалышығы өнімдері мен дайын азық-түлік тасып жатырмыз. Яғни, Қазақстан өзін толық қамти алмай отыр.

"Барлық салада жағдай қиын. Сауда әріптестеріміздің бәрі кәсіпкерлерге тиімді жағдай жасап отыр. Мысалы Ресей келесі жылдан бастап сүт экспорттаушылардың жол шығынын толығымен өтеп бермекші. Ол өнімнің бәрі Қазақстанға ағылады деген сөз. Енді қазірдің өзінде импортпен бәсекелесе алмай, күнін әрең көріп отырған шаруалардың халі қалай болатынын ойлай беріңіз", - деді Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Айжан Наурызғалиева.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, одақтас елдерден келетін тауардың ішінде металдар мен олардан жасалған бұйымдар үлесі – 19%. Ал машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар 18% алып отыр. Экономист Бауыржан Ысқақ бұл одақтың қызығын санаулы ел ғана көріп отыр дейді.

"Бес мемлекеттің ішінде екі-ақ мемлекетті айтар едім. Ол мынау Ресей мемлекеті мен Беларусь мемлекеті. Ресей мемлекетінің барлық өнеркәсібінен шығатын автокөліктер дейміз, тағы басқа арнайы ауыл шаруашылығы техникаларының басым бөлігі дайын тұрған Қазақстан сияқты өзінің ішкі ресурстарын Қамтамасыз ете алмай отырған Қазақстан сияқты мемлекеттер оларға тиімді жағдай жасап отыр. Беларусия қазіргі уақытта барлық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ең бір тиімді нарығы ретінде Қазақстанды қалыптастырып отыр", - дейді экономист Бауыржан Ысқақ.

Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Президент осылай деп, ішкі нарықты қорғау деңгейін көтеруді тапсырды. Сарапшылар ол үшін алдымен орта бизнеске жағдай жасалуы керек, – дейді. Өйткені дамыған елдерде кәсіпкерлердің бұл класы нарықты қалыптастырып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу