Қазақстанның мұнайы қанша жылға жетеді?

3590

Қазақстанның мұнай қоры 113 млрд баррель немесе 15 млрд тонна деген ақпар бар.

Қазақстанның мұнайы қанша жылға жетеді? Фото: gov.kz

Қазақстан Еуразиядағы екінші ірі мұнай қорына ие. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде өткен форумда айтқан еді. Сонымен еліміздің мұнай қоры қанша?

Мәселен, қара алтынды өндіруден өзгелерден әлдеқашан қара зіп кеткен Сауд Арабиясы, Канада, АҚШ, Біріккен Араб әмірліктерінің қоры 80 жылға дейін жетеді деген мәлімет бар. Ал Қазақстандікі 175 жылға жететіні рас па? Мұнайға сеніп, қамсыз өмір сүре аламыз ба? Қазақстанға тап қазір қандай шешімдер керек?

Қазақстанның мұнай қоры 113 млрд баррель немесе 15 млрд тонна деген ақпар бар. Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл 175 жылға жетуі тиіс қор. Ал сарапшылар еліміздің қара алтын қоры 30 млрд баррельден ары аспайды деген пікірде. Оның өзі ары кетсе 50 жылға жетеді,- деп отыр. Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері бас-аяғы 14 млрд баррель мұнай өндірген екен.

"Бұл сандарды Энергетика министрлігі мәлімдеді. Әрине, геологиялық жағынан мұнай көп болуы мүмкін. Бірақ дәлелденген ақпар бойынша 30 млрд баррель ғана бар. Кейде мұнайы бар жерлерді қазу экономикалық тұрғыдан тиімді емес болады. Сондықтан, дерек пен дәйекке тура қарау керек. Мұнайдың геологиялық, алынатын және дәлелденген қоры бар. Соны да ескерген жөн", - дейді Мұнай жөніндегі сарапшы Олжас Байділдинов. 

Ал қаржыгер Расул Рысмамбетов мұнай көп екен деп қара алтынға тәуелді болуды қою керек,- деген пікірде. Оған қоса, шикізатты шетелге экспорттауды да тоқтатқан жөн болатынын айтады. Өйткені, мұнай өндіру Маңғыстау, Атырау, Қызылорда секілді бірқатар қаланың экологиясын нашарлатты. Оны табиғат жанашылары да, қаржыгерлер де айтып жүр. Біз өміріміздің соңына дейін бір нүктеден мұнай өндіре бермейміз, сондықтан тәуелді болмау үшін Қазақстан балама әдіс іздеуі керек екенін айтады.

"Мұнайға тәуелді болуды қою керек. Оны қалай істейтініміз әлі белгісіз. Десе де, президент өзінің ұсынысын айтқан. Мемлекет басшысына да түрлі ой тастағандар жетерлік. Егер біз осы мақсатты 2-3 жылдың ішінде жүзеге асыра алмасақ, онда ел экономикасын алда құлдыраулар күтіп тұр", - деді Экономист Расул Рысмамбетов.

Ал министрлік алдағы уақытта ресурстық базаны ұлғайтып, жаңа мұнай-газ кен орындарын іздеуді маңызды міндет етіп отыр. Отынның барланбаған ресурстық әлеуеті 76 млрд тоннаға жетеді,- дейді. Тек қолда бар қордың 175 жылға жететіне ешкім де кепілдік бере алмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу