12 сәуірде ҚР Ұлттық банкі Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының 2030 жылға дейінгі активтерін басқару тұжырымдамасын "Ашық НҚА" порталында жариялады, деп жазады inbusiness.kz ranking.kz порталына сілтеме жасап.
ҚР Ұлттық Банкінің пікірінше, тұжырымдаманы жүзеге асыру 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларын жинақтауға және "Ұлттық қор — балаларға" бағдарламасының табысты жұмыс істеуіне ықпал етеді.
"Мақсат өршіл көрінеді, бірақ тым шынайы емес. 2023 жылдың наурыз айының соңына қарай ҚР Ұлттық қорының активі 58,4 млрд АҚШ долларын құрады. Яғни, 7 жылдан аз уақытта Ұлттық қордың активтері 71% немесе 41,6 млрд АҚШ долларына өсуі керек деп болжанып отыр. Егер 2014 жылдан бергі жеті жылда Ұлттық қор активтері өспек түгілі азайып кеткенін ескермесек, жоспар орындауға оңай секілді көрінеді. Нақтырақ айтқанда, 2014 жылғы тамызда (ең жоғары өскен кезі) Ұлттық қордың активі тұрақты өсім көрсетіп, 77,2 млрд АҚШ долларына жетті, бірақ одан кейін айтарлықтай құлдырау байқалды", - деп хабарлады ресурс.
Ақпаратқа сәйкес, бүгінде Ұлттық қордың активтері сол кездегімен салыстырғанда 24,4% немесе 18,8 млрд АҚШ долларына төмендеген.
Ұлттық қордың бүкіл тарихында (2000–2022 жылдары) оның орташа жылдық табыстылығы 3,02%, шетел валютасындағы активтерді басқарудан түскен инвестициялық кіріс 15,1 млрд АҚШ долларын құрады.
Ресурстың жазуынша, соңғы 10 жылда елімізде Ұлттық қорды басқарудан шығынның ең үлкені 2022 жылы болған. Былтыр жыл соңында Ұлттық қорды басқарудан 1,4 трлн теңге көлемінде рекордтық шығын тіркелді.
"Осы сценарийде және басқарудың осы деңгейіндегі қазіргі жағдайды ескере отырып, 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларлық көрсеткішке жету оңай болмайды. Бұл ретте уәкілетті органдар ҚР Ұлттық қорының қаражатын сақтауға бар күш-жігерін салуы қажет", - деп атап өтті ranking.kz.