Қазатомөнеркәсібінің 2016 жылғы таза табысы 2,5 есеге ұлғайды

601

Қазатомөнеркәсібінің 2016 жылғы таза табысы 2,5 есеге ұлғайды

"Қазатомөнеркәсібі" АҚ 2016 жылғы таза табысы 2,5 есеге ұлғайды. Бұл туралы Трансформациялау бағдарламасын іске асырудың қорытындысына арналған отырыста Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп жазады strategy2050.kz.

"Компания үшін бұл трансформация аясында өзгерудің алғашқы жылы. Алайда осы қысқа уақыт ішінде атқарылған бірқатар жобалар оң өндірістік-қаржылық көрсеткіштерімізді сақтап қалумен қатар, олардың өсуіне де мүмкіндік берді. Нақты айтқанда, бүгінде біз компанияның таза табысын былтырмен салыстырғанда 2,5 есеге ұлғайтуға қол жеткіздік", – деді Асқар Жұмағалиев.

2016 жылы Қазатомөнеркәсібінде бизнес-үдерістер қайта қаралып, жаңа ұйымдық құрылым бекітілді, өндірісті әртараптандыру және автоматтандыру, бейінді емес активтерді жекешелендіру үдерістері артты, сондай-ақ серіктестермен өзара тиімді іс-әрекеттер күшейтілді.

Атап айтқанда, Қазатомөнеркәсібі қытайлық серіктестермен бірге ЖБҚ шығаратын зауыт құрылысы жобасын іске асыруға кірісті. Кәсіпорын қытайлық АЭС-терге арнап жылына 200 тонна ядролық отын өндіретін болады.

Сонымен қатар, 2016 жылы шетелдік серіктестермен маңызды келісімдерге қол қойылды. Қазатомөнеркәсібі пен "САМЕСО" компаниясы "Инкай" БК" ЖШС қайта құрылымдауды және 2018 жылы біріккен кәсіпорындағы Қазатомөнеркәсібінің үлесін 40%-дан 60%-ға ұлғайтуға, "Росатоммен" Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының кешенді бағдарламасын орындау және "Уран байыту орталығы" ЖАҚ-ын зиянсыздыққа шығаруға келісті. CGNPC корпорациясымен болған келісім 2024 жылға дейін қытайлық АЭС-тер үшін қазақстандық отын таблеткаларын сатып алуды көздейді.

Пилоттық жоба аясында Қазатомөнеркәсібінің өндіруші кәсіпорны "Қазатомөнеркәсібі-СаУран" ЖШС-де "Санды кеніш" жүйесі іске қосылды. Тәжірибе көрсеткендей, оны енгізу арқасында жабдықтарды диагностикалау уақыты 14-тен 2 күнге дейін қысқарды, сондай-ақ электр энергиясын тұтыну, материалдар мен раегенттерді пайдалану 10% азайды, ұңғыманың төмендетілген уақыты 3 есеге кеміді. 2017 жылы бұл жүйені енгізу компанияның басқа да еншілес кәсіпорындарында қолға алынады.

Айта кетерлік жәйт, өндірістің өзіндік құнын қысқарту жөніндегі кешенді іс-шаралар шеңберінде 2016 жыл қорытындысы бойынша экономикалық тиімділік 13 млрд теңгені құрады.

Сонымен бірге, Қазатомөнеркәсібі "TH Kazakatom AG" трейдинг компаниясын тіркеу үдерісін аяқтады. Клиенттерге жақындық, мәмілелер шарттарын анықтау кезіндегі сатулардың икемділігі және нарықтың өзгеруіне шұғыл әрекет ету компанияның маркетинг қызметін едәуір күшейтуге мүмкіндік береді.

"Қазатомөнеркәсібі" ҰАК" АҚ трансформация бағдарламасына орталық аппаратпен қатар 12 ЕТҰ тартылған, бұл – холдингтің 19 мыңнан астам қызметкері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу