Немеремді балабақшаға беруге қорқам – Еділ Жаңбыршин

285

Депутат балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс екенін айтты.

Немеремді балабақшаға беруге қорқам – Еділ Жаңбыршин Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жекеменшік балабақшаларды лицензиялауға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Министр мырза, мұны көпке созуға болмайды. Лицензияны кіргізу керек және біз мына Кәсіпкерлік кодексті алып тастауымыз керек. Балаға білім беретін, тәрбие беретін нысандардың бәрін прокуратурасыз барып тексеруіміз керек. Мен өз немеремді ондай жеруге беруден қорқам. Себебі  ондай жерден қандай адам болып шығуы мүмкін? Ол жерге қандай адам жұмыс істеп жатыр? Білмеймін ғой, оның басын қалай улап жатқанын",  – деді депутат.

"Қазір кім көрінген балабақша ашып алды. Психология мен педагогикадан хабары жоқ адам сабақ береді, тәрбие береді. Сондықтан бірінші кезекте айтып жатқан мәселе – лицензиялау. Бизнесті қорғаймыз деп баланың қауіпсіздігін ысырып қоюға болмайды. Баланың тәрбиесі мен денсаулығы бизнес емес, оны қоюымыз керек. Үкімет жылына миллиардтаған қаржы бөліп жатыр. Оның нәтижесі – баласы таяқ жейді, дұрыс тамақтанбайды, балабақшадан ауырып келеді. Сондықтан лицензиялау мәселесін тездетіп енгізуіміз керек. Ешкімге қарамау керек. Мемлекеттік мүддесі бірінші кезекте болу керек, содан кейін ғана кәсіпкерлік. Адамның құқығы балабақшадан бастап қорғалуы тиіс. Лицензияны енгізу керек. (...) Жекеменшік балабақшалар шулайды деп лицензияны кіргізбеуіміз керек пе? Олар кім соншама? Мемлекеттің барлық мүддесін ұстап отырған кәсіпкерлер ме? Олай емес",  – деді Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында.

Айтуынша, жаңалықтарда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтарды жиі көрсетіледі. 

"Бұл тоқтайтын емес. Осыған орай мен және менің әріптестерім білім беру ұйымдарын лицензиялау дейтін мәселені ұсынған еді. Бірақ Үкімет біздің бастамамызды қолдамады. Олардың негізгі уәжі – бұл балаларды оқыту мен қамтудың төмендеуіне әкеледі. Өйткені біз лицензиялайтын болсақ, олар арнайы талаптарға сәйкес болуы керек. Енді біз балалардың құқығын былай ысырып қойып бизнесті қолдауымыз керек пе? Білім беретін ұйымдарда кім сапалы білім мен тәрбие беріп жатыр? Олар не ішіп, не жеп жатыр? Ата-аналарға балаларының қандай жағдайда тәрбиеленіп жатқаны маңызды деп ойлаймын. Сондықтан Ғани Бектайұлы неліктен Үкімет осы лицензиялау мәселесіне қолдау білдірмеді? Негізгі себептері қандай?",  – деп сұрады мәжілісмен.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіздігі маңызды екенін жасырмады. 

"Бұл бағытта үлкен шаралар қабылданғанын айтып өткім келеді. Бұған дейінгі талаптардың барлығында осы балабақшаларға қатысты тәртібі күшейтілді. Оның бәрі лицензияның тәртібіне дейін көтерілді. Бірақ бүгінде бұл мәселеге келу үшін балаларды балабақшамен қамту мәселесінде жекеменшік мекемелердің үлкен рөл атқарып отырғаны белгілі. Балаларды қамтуда да олардың үлесі бар екенін көріп отырмыз. Сіздің айтып отырған ұсынысыңызды біз де жалпы түсініктікпен қабылдаймыз және бұл мәселеге де қайтып келу керек екенін қоғаммен, сарапшылармен ақылдасып отырмыз. Сондықтан да жалпы лицензиялау мәселесін бүгін-ертең емес, бұған келу үшін тиісті нормамен 2026 немесе 2027 жылдарға қарай келгеніміз дұрыс болады. Өйткені оған үлкен дайындық керек. Кәсіпкерлердің де дайындығы қажет. Сапалы қызмет көрсетіп отырған балабақшалар да бар. Олардың да мүдделері бұзылмауы керек, сонымен қатар балалардың қауіпсіздігінің де қатаң сақталуы қажет",  – деді министр.

Депутат Еділ Жаңбыршин министрдің жауабына қанағаттанбады.

"Бұл салаға 800 миллиардтай ақша бөлінеді екен. Оның қайда кетіп жатқаны белгісіз. Жекеменшік балалақшалардың ішінде дұрыс және бұрыс жасайтын кәсіпкерлер де кездеседі. Мұнда лицензиялаудан басқа қатаң бақылау болу керек. Ол да кенже қалып жатқан сияқты",  – деді халық қалаулысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу