2020 жылғы 21 қаңтардан бастап "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының стратегия, инвестициялар және бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары болып Абдулғафаров Дастан Елемесұлы тағайындалды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Ол ҚМГ ҰК Даму стратегиясының іске асырылуына, бизнес-жоспардың қалыптастырылуы мен орындалуына, инвестициялық жобалар портфелінің тиімді басқарылуына, сондай-ақ жаңа активтерді сатып алу жөніндегі мәмілердің жүзеге асырылуы мен қолданыстағы бизнес-бағыттарды кеңейтуге жауапты болады.
Бұған дейін Дастан Абдулғафаров "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Аппарат басшысы – даму жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарып келді.
Директорлар кеңесінің 2019 жылғы 23 желтоқсандағы шешімімен бекітілген жаңа ұйымдық құрылым корпоративтік басқарудың тиімділігін арттыруды және ұлттық компанияның стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған қызметін нығайтуды қамтамасыз етуге тиіс.
Абдулғафаров Дастан Елемесұлы – заң және экономика саласында жоғары білімі бар, "Сколково" Мәскеу басқару мектебі Executive MBA дәрежесінің иегері.
ҚМГ компаниялар тобында 17 жылдан астам қызмет етіп келеді. "ҚазМұнайТеңіз" ТМК" АҚ жаңа жобаларды дамыту департаментінің директоры, "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры, бас директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары лауазымдарында жұмыс атқарды.