Акцияларының 70%-ға жуығы швейцариялық Glencore трейдеріне тиесілі "Қазмырыш" сауда ағындары ресейлік транзитті пайдаланбай құрылуда. Корпорацияның үшінші тоқсандағы өндірістік есебін негізге ала отырып, осындай байлам жасауға болады, деп жазады inbusiness.kz.
"Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда мырыш пен қорғасын өндірісінің құлдырауы ("Қазмырыш") Ресей-Украина соғысының қайталама салдарына байланысты күрделі логистика мен жеткізу тізбегін көрсетеді. Сауда ағындары Ресей аумағын айналып өту үшін біршама өзгеріске ұшырады, ал кейбір жабдық жеткізушілері ТМД-ның бүкіл аймағымен бизнес қатынастарын шектеді", – деп жазылған құжатта.
2022 жылғы экологиялық құжаттамасында "Қазмырыштың" мырыш, мыс, қорғасын өндіру үшін Ресейден келген бөгде шикізатты пайдаланғаны көрсетілген.
Есепті сандарға сүйенсек, тау-кен металлургия алыбындағы өз шикізатынан мырыш өндірісі осы жылдың үш тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға (97,7 мың тоннаға дейін) төмендеді. Осы тұста мырыш концентраты 12,1 мың тоннаны құраған. Бұл кезеңде жыл бойынша өз шикізатынан қорғасын өндірісі 12%-ға (13,1 мың тоннаға дейін), мыс – 11%-ға (16,2 мың тоннаға дейін), ал алтын – 3%-ға (421 мың унцияға дейін) азайды.
Бөгде шикізаттың қолданылуын ескере отырып, қаңтар-қыркүйек айларында мырыш бойынша 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өндірістік төмендеу 6% көлемінде (201,4 мың тоннаға дейін) тіркелсе, қорғасын бойынша 82 мың тонна, алтын бойынша 1% деңгейінде (650 мың унцияға дейін) болса, ал мыс өндірісі 15%-ға (41,9 мың тоннаға дейін) өсті.
"Өз шикізатынан өндірілген мырыш өндірісі 109,8 мың тоннаны құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6 мың тоннаға (4%) артық болды. Бұл Жәйремдегі орташа прогрессивті өндірісті және Малеев кенішінің сарқылуын көрсетеді... Өз шикізатынан өндірілген мыс өндірісі 16,2 мың тонна болды, Малеев кенішінің сарқылуына байланысты 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 мың тоннаға (11%) төмен. Өз шикізатынан өндірілген алтын 421 мың унцияны құрады. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 мың унцияға (3%) төмен, бұл 2022 жылдың мамырында Риддер-Сұңқар кенішін техникалық қызмет көрсету үшін тоқтатуға байланысты болды", – делінген есепте.
Есепке сәйкес, Glencore осы жылғы жаһандық мырыш өндірісінің бағдарларын өзгертті.
"Мырыш 65 мың тоннадан төмен (6%) – Қазақстанда жеткізу тізбегі бойынша мәселелер Ресей-Украина соғысының қайталама салдарының бүкіл ТМД-дағы әсеріне байланысты", – делінген Швейцария корпорациясының құжатында.
Glencore екінші тоқсаннан кейінгі есебінде биыл бүкіл әлемде мырыш трейдерінің өндірісі 1010 мың тонна көлемінде болады деп көрсетілген болатын. Десек те, қазір оның бұл металл бойынша жаһандық өндірістік бағдары 945 мың тоннаға дейін төмендеді. Корпорация есепті кезеңде өз шикізатынан 699,6 мың тонна мырыш өндірді. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 18%-ға аз.