Ал Шығыс Қазақстан облысында әлемде сирек кездесетін металдар шоғыры бар кен байыту комбинаты қайта іске қосылады. Мамандардың есебінше, Ұлан ауданындағы "Огневка" қалдық қоймасында 8 млн тоннаға жуық техногенді минералдар жиналған. Құрамында тантал, литий, қалайы, ниобий сияқты жалпы саны 36-дан асатын түрлі элементтер бар. Кен орнынан жылына 300 мың тонна шикізат шығарып, өңдеу жоспарланған. Дәл осындай кәсіпорын Ресейдің солтүстік аймағында да бар. Бірақ ондағы өндіріс екі есеге аз. Сирек металдар бүгінде қорғаныс саласында ғана емес, сондай-ақ заманауи сандық құрылғыларды жасауда да өте қажет. Егер осы кен байыту комбинаты жоспарға сәйкес, іске қосылса, онда Асу-Бұлақ кентінің де тіршілгі жандана түсуі тиіс. Инвесторлар қаржысына геологиялық барлау жұмысы басталып кеткен. Әрі, аймақтағы 5 қабатты үйлер де жөнделіп, жас мамандарға берілмек. Әзірге шикізатты өңдеу технология мен инфрақұрылым жүргізу қызметтеріне 2 млрд теңгеге субсидия алынады.
Серік Нұрғалиев, кен байыту комбинаты директорының орынбасары:
"Огневка" кен байыту комбинатын толықтай іске қосып, кен қалдықтарын қайта өңдеуді көздеп отырмыз. Дайын өнім, яғни концентрат құрамында тантал, литий, ниобий және басқа да элементтер бар. Оны келешекте экспортқа жөнелтуіміз тиіс. Сонымен қатар, отандық өндіріс орындарын да қамтамасыз етуге ниеттіміз".