"Түркістан бөлінейін деп жатыр ма?": Ринат Зайытов заң жобасында қолданылған сөздерге шүйлікті

324

Екінші оқылымда бұл сөздер синонимдермен ауыстырылуы мүмкін. 

"Түркістан бөлінейін деп жатыр ма?": Ринат Зайытов заң жобасында қолданылған сөздерге шүйлікті Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутат Ринат Зайытов "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасына қатысты екі мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Осы заңның аясында "дизайн код" деген сөздің қаупі бар екенін комитетте де айтқанбыз. Заңда "жергілікті билік дизайн кодты бекітеді деп" жазылған. Алматыда осы дизайн код бойынша сәтсіз тәжірибе болды. Ертең дизайн код деген желеуді пайдаланып, жұрттың кәсібін, бастамаларын дизайн кодқа сай емес деп, өзінің жеке мүддесіне тартып алуға әрекет жасалмайтынына қандай тетіктер қарастырылған? Түркістан қаласындағы сәулетті ғимараттар жалға сенімгерлікке беріп тастау туралы заңның аясында осындайларға тоқтау салуға тетіктер қарастырылды ма?", – деді мәжілісмен.

Ринат Зайытов заңда түсінбеген нәрселері көп екенін жасырмады.

"Бәлкім, дұрыс оқымаған шығармын. Түркістан қаласының елтаңбасы болады дейді. Менің түсінігімде елтаңба деген Қазақстанда біреу-ақ. Әлде Түркістан басқа мемлекет болып бөлінейін деп жатыр ма? Осы жерін анықтап берсеңіз. Заңдарыңызда мен бұрын-соңды естімеген бір керемет сөз бар екен. "Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватына енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты тұрақты инспекциялауға, сосын озыңқы күтімге" деген не деген сөз? Екінші бапта мынадай сөз бар. Тарихи, мәдени, рухани объектілердің киелілігін сақтау деген не ұғым бұл? Киелілікті қалай сақтаймыз? Кие деген Құдайдан келмеуші ме еді", – деді Мәжіліс депутаты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың сөзінше, облыс әкімдігі жанында арнайы қала құрылысы жөнінде көркемдік кеңес жұмыс істейді. Кез келген мәселе осы кеңесте қаралады. Ол Түркістан қаласында бірқатар нысандар сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілгенін айтты. 

"Бұл нысандарды алған азаматтар бірқатар міндеттемелерді атқарады. Біріншіден, сол мекеменің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Екіншіден, азаматтардың айлық жалақысын төлейді. Үшіншіден, мемлекетке тиісті салық төлейді. Төртіншіден, табысының белгілі бір бөлігін жергілікті бюджетке құяды", – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров депутаттың екінші сұрағына жауап берді.

"Қазақша атауларға келсек, бұл синоним сөздер де болуы мүмкін. Мұнда "елтаңба" деген сөз жоқ, "нышан" деген сөз бар. Ол қаланың нышаны, яғни эмблемасы. Ал "киелілікті сақтау" деген заң жобасында оның маңыздылығын атап өту үшін жасалған деп ойлаймын. Түркістан – киелі жер, онымен ешкім дауласпайды.  Осыны қағидат ретінде ала отырып, қалаға неге ерекше мәртебе беріп жатырмыз. Оның басты себебінің бірі – Түркістанның еліміздің рухани өміріндегі орны ерекше. Қазір уақыт бар, егер сөздерді ауыстыру керек болса, біз дайынбыз", – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Нұрлан Байбазаров заң жобасының екінші оқылымында бұл сөздерді тиісті синонимдермен ауыстыруға болатынын айтты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу