Үкіметтегі ауыс-түйіс: Кім кетті, кім келді?

619

Бұл жолы министрлер кабинетіне кімдер келді? Жаңа Үкіметті құрудағы бастама қандай?

Үкіметтегі ауыс-түйіс: Кім кетті, кім келді?

Үкімет үйіндегілер жаңа аптаны жаңа министрлермен қарсы алды. Тізгінді қайта қолға алғанына 4 күн болған Әлихан Смайылов көпке созбай, командасын қайта жасақтауға кірісті. 19 министрліктің әзірге саусақпен санарлығы ғана басшылы болды. Сонымен бұл жолы министрлер кабинетіне кімдер келді? Жаңа Үкіметті құрудағы бастама қандай?

Бүгін түске қарай Тоқаев өзі тағайындайтын күштік құрылымдар мен сыртқы істер министрлігінің басшыларын бекітіп тастады. Соңғысына сенімді серігі Мұрат Нұртілеу тағайындалды. Сенімді серігі деп айтуға негіз  жоқ емес. Кемелұлы президенттікке келгелі оның да мансабы бірге өсті. 2019 жылы ел тізгінін қолға алғанда Нұртілеуді бірден жанына көмекші етіп алды. Кейін президент әкімшілігіне бірінші орынбасар етіп, қолына билік берді.Тіпті, қаңтарда ел дүрлігіп, Ұлттың қауіпсіздігіне қатер төнгенде де, КНБ-ға барған осы Мұрат Нұртілеу еді. Ол комитетте 1 ай отырғаннан кейін Әкімшілікке басшы болып келіп, 1 жыл бойы президенттің жұмысын ұйымдастырды. Жанынан бір елі тастамаған оны Тоқаев бұл жолы министрліктен бір-ақ шығарды.

"Әрине бұл төмендеу деп санаймын. Шенеуніктік, карьерарлық тұрғыдан қарасақ .... не премьер министр не спикер болатын мәжілісте. Өйткені, ...сеніміне ие деген сөз. Бұл шын мәнінде төмендеу", - деді саясаткер Әміржан Қосанов.

Ал көпшілік үшін күтпеген тағайындау  Олжас Бектеновтің Президент әкімшілігіне келуі болды. Мұрат Нұртілеудің орнына жайғасқан ол 10 жылын Сыбайлас жемқорлықпен күреске арнаған. Кей сарапшылар Тоқаев Бектенов арқылы айналасындағы жемқорларды да тазартқысы келеді десе, ал енді кейбірі бұл Бектеновтың еңбекқорлығы үшін берілген лауазым,- дейді. 

"Олжас Бектенов мырзаның тағайындалуы мен үшін күтпеген жағдай болды. Антикор қызметінде отырғанда өте жақсы көрсеткіштер көрсетті. Менің жеке ойым, сол жақсы көрсеткіштерді жасағанының себебінен сол кісініі жоғарылатып, сенім артып отыр деп ойлаймын", - деп пікір білдірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза.

Смайылов бүгін  "Самұрық-Қазынаның" жаңа басшысын тағайындады. Ол қызметке Нұрлан Жақыпов келді. Ал Асқар Әмірханов Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары  Сыртқы барлау қызметінің директоры болды.

Қиындықтарға қарсы тиімді жұмыс істей алмады, қойылған міндеттер толық орындалмады,- деп Тоқаев сынаған кабминнің қаншалықты жаңаратыны әзірге беймәлім. Президент берген осы бағадан-ақ, көпшілік Смайыловтың орнынан кететіне сенімді болған еді.

"Премьер-министрді және оның орынбасарларын орнында қалдырмау керек еді.+ Жалпы жаңа Қазақстанды жаңа үкіметпен бастау керек еді. Елдің сыртында да, ішінде де осы қызметтерді атқаратын жігіттер бар", - деп атап өтті Әміржан Қосанов.

Жүріп тұрғаны, ішіп-ұшқанын да Үкімет төлейтін жаңа кабминге кім келсе де, оларда жемісті жұмыс істеу міндеті ғана тұр. Өйткені "Өзгеріс жасаймыз" деген желеумен келіп, әрекетсіз отыратындардан халық бұған дейін де көрген. Міндетін атқарушы боп жүрген қалған 16 министрдің тағдыры не болатыны әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу