Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тұжырымдамада қоғамның нақты сұраныстары ескеріледі – ІІМ

644

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте Қоғамдық қауіпсіздікті азаматтық қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz. Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тұжырымдамада қоғамның нақты сұраныстары ескеріледі – ІІМ Фото: primeminister.kz

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов тұжырымдама жобасын таныстыра отырып, үш стратегиялық бағытты атап өтті: азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкін қорғау деңгейін арттыру; құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру; полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи тиімді ұйымға айналдыру.

Ішкі істер министрі Тұжырымдаманың басты ерекшелігі оны әзірлеу тәсілін өзгерту екенін атап өтті. Тұжырымдаманы әзірлеуге әуел бастан жұртшылық, ҮЕҰ, тәуелсіз сарапшылар, халықаралық ұйымдар, ғылыми қоғамдастық, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар белсенді қатысады. Осылайша, тұжырымдамада "халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатына сәйкес келетін қоғамның нақты сұраныстары ескерілетін болады.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша өтініштердің артуына байланысты Тұжырымдама жобасында мынадай заңнамалық өзгерістер енгізу көзделген: әрекет етудің өтініш беру формасынан анықтайтын түріне көшу және тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту.

Өзгерістер нашақорлықтың алдын алуға, соның ішінде есірткіні тұтыну фактілерін ерте бастан анықтау жүйесін енгізуге, барлық құқық бұзушылықтың 90% құрайтын мүлікке қарсы қылмыстардың алдын алуға, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және басқа да салаларға да қатысты болады.

Барлық нормативтік-құқықтық актілерге ревизия жүргізу, қылмыстың алдын алу жөніндегі заңнаманы жүйелеу және сарапшылармен, ҮЕҰ-мен, ғалымдармен әріптестік тетігін қарастыру ұсынылады.

Кеңеске қатысушылар жалпы Тұжырымдама жобасын мақұлдады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ішкі істер министрлігіне құжатты қоғаммен бірге әзірлеуді қамтамасыз етуді және Үкімет Аппаратына енгізуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу