Бұдан былай қоқыс шығару ақысын төлемеген өзбекстандықтар электр энергиясын пайдалана алмайды. Тіпті, жылжымайтын мүлік пен көлік алар кезде қарызы барларға нотариалдық қызмет көрсетілмейді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Көршіміз мұндай қадамға не себептен барып отыр? Шектеу қашан күшіне енеді? Механизм қалай жүзеге асырылады?
Өзбекстандықтар қоқыс үшін 600 млрд сом яғни, теңгеге шаққанда 222 млн-дай төлемді төлемей отыр. Қоқыс шығаратын компаниялар шығынын қайтару үшін үй-үйдің есігін қағып, подъезд жағалап жүр. Енді билік жауапкершілік пен төлемнен қашпауы үшін тұрғындарды жарықсыз қалдырмақ.
Нақтыласам, ел халқы қоқыс шығаратын компанияға төлем жасамаса, қараңғыда отырады. Мұндай қатал шешім қабылдауға көрсеткен қызметінің ақысын 2-3 жылдан бері ала алмай жүрген кәсіпкерлер себеп болған. Өзбекстандықтар төлем қабілеті бола тұра, бұл операцияны орындауға құлықсыз.
"Біз бұл құжатты асыға күттік. Осының аясында біраз мәселеміз шешілуі керек. Өйткені, жазалау шаралары қолға алынбаса, белгіленген нәтижемізге жету қиындап кетті. Егер берешек уақытында өтелсе, қоқыс жәшіктерін ауыстырып, салаға тың серпін жасауға мүмкіндік болғалы тұр", - дейді Республикалық санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру орталығының қызметкері Рустам Тұрсынов.
Президент арнайы жарлыққа қол қойып, қазір ел халқына өзгеріс туралы ескерту беріліп жатыр. Жаңа тәртіпке Ташкент, Нүкіс пен барлық облыс орталықтары 1 сәуірден бастап көшеді. Яғни, 6 ай бойы берешегін өтемегендер нотариалды құжаттарды да рәсімдей алмайды. Кейін қарашадан бұл мерзім 3 айға қысқарады. Ал 1 жылдан кейін республиканың бүкіл аумағында төлемді 1 айдан кешіктіргендер шектеудің астында қалады.
"Қаңтар айынан бастап төлем жасамаған тұрғындарға 6 ай бойы смс хабарламалар жіберіледі. Әлектр энергиясына төлегісі келген азаматқа, қоқысқа қарызы бар екені туралы тағы мәлімет келеді. 3 реттен кейін әлі қалдық шығару ақысы төленбесе ғана жарықтан айырады", - дейді қалдық өнеркәсібі кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Исламбек Бахытжанов.
Қарыздың бар-жоғы бірыңғай электронды төлем жүйесі арқылы онлайн режимде тексеріледі. Жүйенің үздіксіз жұмыс істеуіне Республикалық санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру орталығы жауапты болады. Қалдықтарды кәдеге жарату қызметтері мен абоненттік шоттарға төлем тек орталықтың биллинг жүйесі немесе банктік кассалар арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
1 сәуірден бастап барлық санитарлық тазалық компаниялары тек бірыңғай электронды жүйеге қосылған тұрғындарға қызмет көрсетуге міндеттеледі. Олай етпесе, олармен келісім-шарт бұзылып, жер телімдері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде басқа кәсіпорындарға беріледі.