Бүгінгі қоғамда көлеңкелі кәсіппен айналысып жүрген оңтүстікқазақстандықтардың қатары артып отыр. Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының мәліметі бойынша, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен 503 мың кәсіпкердің 250-і өз ісін заңды тіркемеген, деп хабарлайды otyrar.kz.
Соның салдарынан бюджетке келген шығын көлемі орта есеппен 2,5 млрд теңгеге жетті. Бұл ақпарат "Оңтүстік Қазақстан облысы – климат үшін оңтайлы өңір" жобасын жүзеге асыру барысында анықталды.
Тың бастама өткен жылы өңіріміздегі кәсібін дөңгелетіп жүрген жергілікті кәсіпкерлердің көбеюі үшін, оларды демеп-қуаттау мақсатында қолға алынған еді. Облыс әкімдігі мен "Нұр Отан" партиясының қолдауымен облыстық прокуратураның қызметкерлері заңсыз әрекетті әшкерелеп, тиісті жұмысты атқаруға кіріскен.
Жауапты мамандардың мәліментінше, тіркелмеген кәсіпкерлерге арнайы шара қолданылады. Дәлірегі, Қазақстан Республикасы әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 463-бабы – азаматтық заң-талаптарын бұзғаны үшін жазаланады. Ал салыққа тиісті төлемді жасамай, "үнемдеген" кәсіпкерлерге 15-тен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін көлемде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, кей жағдайларда азаматтық заң талаптарын құнттамағаны үшін қаржы немесе өзге де құнды қағаздары тәркіленуі мүмкін. Егер айыппұлды өтеген кәсіпкер тіркелмеген заңсыз кәсібін жалғастырған жағдайда, төленетін айыппұлдың құны еселенеді. Яғни, кәсіпкер мемлекетке 30-дан 500 айлық есептік көрсеткішке дейін төлеуге міндеттеледі.
Статистика департаментінің дәйегіне сенсек, бүгінде бір ғана Оңтүстік өңірінде шағын және орта кәсіпкерліктің 215 317 субъектісі тіркелкен. Оның 84% белсенді жұмыс атқарып келеді.