Көмірдің тоннасы - 24 мың теңге

467

Өскеменнен 50 шақырым жердегі Таврия ауылында көмірдің бір тоннасы 24 мың теңгеден бір-ақ шықты.

Көмірдің тоннасы - 24 мың теңге Фото: inbusiness.kz

Мұнда өзге жердегідей жағдайы төмен немесе жалғызбасты қарттарға арналған әлеуметтік бағада көмір сатылмайды. Қысы ұзақ шығыстағы ағайын үшін қатты отын алтыннан да қымбат болып барады. Отын демекші, талай жыл көгілдір отынды көрші Қытай еліне саудалаған Зайсандағы газдың қоры да азайып кеткен.

Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылында көбінесе зейнеткерлер тұрады. Әлеуметтік жағдайы осал азаматтар мен жалғызбасты жандар да аз емес. Бұлардың бәрі де азын-аулақ тапқан табысы мен мемлекеттен алатын түрлі жәрдемақыға күнелтіп отыр. Ал ол қаражат күнделікті азық-түліктен аспайды. Бірақ сонда да көмірсіз отыра алмаймыз, дейді қатты отын үшін қарызданған ел.

"Көріп тұрсыз ғой, қазір көмір жоқ. Өйткені, бағаның көтерілгенін күтіп отыр. Баға қымбаттайды. Сол уақытта тасып әкеледі. Өзім қарыздансам да тапсырыс беріп қойдым. Әлі әкелмеді. Күтіп отырмын", - дейді Таврия ауылының тұрғыны Александра Коробова.

Ауыл әкімдігіндегілер белгілі бір әлеуметтік топқа төмендетілген бағада көмір сатылмайтынын айтты. Бірақ кейін құжатын өткізген адамдар өтемақы алуы мүмкін екен. Оның өзінде мұндай отбасыларға арналып, арзандатылған баға 21000 теңге шамасында.

"Біз 21 мың теңгеге оны ала алмаймыз. Одан жоғары бағада жеткізеді. Мұнда әкелетіндер жұмысшының жалақысы, жанармай деп қымбаттатып жібереді. Жасым 90-нан асты. Зейнетақым жетпейді. Ал отын қажет", - дейді Таврия ауылының тұрғыны Елена Шутей.   

Өскемендегі көмір сататын темір жол тұйығында бір тонна көмірдің бағасы 14000 теңге. Әлеуметтік бағада 13500 теңгеге саудалануда. Облыстағы отынға жауаптылар Қаражыраның өзінде тоннасы 9 мың теңге. Жеткізу құнын қоса есептегенде жолдың алыс-жақындығына байланысты 20 мың мен 29 мың теңгенің арасында сатылады деді. Алайда, негізсіз шарықтаған бағаны байқамапты.

"Тиісті мекеме өкілдерімен бірлесіп, бағаның негізсіз көтерілмеуін қадағалап отырмыз. Апта сайын жиналып, бақылау жасаймыз. Аудан әкімдеріне де тапсырма берілген. Бүгінге дейін бағаға байланысты мәселе туындаған жоқ", - дейді ШҚО Құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Рауан Тұрысбек.

Өткен аптада ғана осы өңірдегі темір жолшылар жалақысын көтеруді талап етіп жиналды. Бірақ олардың айтқаны әзірге орындалған жоқ. Ал талап орындалса, темір жол құны өсуі мүмкін. Онда қара алтын тағы да қымбаттайды деген сөз.

"Бағаға әсер етеді. Өйткені біздің вагондар Қаражырадан шыққан бойы Шарға барады. Шар станциясынан бірі қарай Өскеменге дейін ДТЖ-ның жолымен жүріп келеді. Олар егер жүргеніміз үшін ақы көтеретін болса, бізде де баға көтерілуі мүмкін", - дейді "Терминал отын компаниясы" ЖШС директоры Мансұр Бекбауов.

Айта кетейік, бұған дейін Зайсанның газы Тарбағатай ауданына, тіпті, облыс орталығы Өскеменге дейін тартылады деген сыбыстар әр жерден естіліп жүрді. Ол енді мүмкін емес. Себебі ондағы көгілдір отынның қоры алдағы 7-10 жылға ғана жетеді. Ал шығысқа газ тарту мәселесі әлі үкіметте қаралып жатыр. Қарашығанақтың газы Ресейдің Орынбор қаласында өңделіп, орталық Қазақстан арқылы жеткізілмек. 2030 жылдан ары қарай жүзеге асуы мүмкін жоба әзірге тек сөз жүзінде ғана.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу