Айтуларынша, әбден тозған бетон бекіністері бірнеше рет опырылып түскен. Қабырғалары да жарылып, баспалдақтары сынып, төбеден су ағатын көрінеді. 300 пәтерлі үйдің мәселесін жергілікті билік жақсы біледі. Алайда, оны "авариялық санатқа" жатқызуға асығар емес.
Динара Цховребованың бұл үйде тұрып жатқанына 12 жыл болған. Күні бүгінге дейін ешқандай жөндеу жұмыстары болмағанын айтады. Үйдің ең жоғарғы қабатында тұратын ол бетон бекіністері құлаған сәтте сәбиімен үйде болған. Соққының қатты болғаны соншалық есікті ашып сыртқа шығуға үрейленіп қалғанын айтады...
"Ол күн әлі есімде. Кішкентай балам екеуміз үйде болатынбыз. Ас үй бөлмесінде отырғанда қатты дауыс естілді. Соққының қорқынышты болғаны сонша балам жүруге арналған кішкентай арбашасынан секіріп түсті. Қатты шошып қалдық. Жер сілкінісі болып, үйдің бір шеті опырылып қалғандай болды", деді тұрғын Динара Цховребова.
Мәселе бетонмен бітпейді. Кіреберістің көрінісі мынау. Қабырғалар жарылып, баспалдақ сынған. Осыдан 5 жыл бұрын басталған ағымдағы жөндеу жұмыстары да аяқсыз қалыпты. Салдарынан жаңбырлы күні төбеден су ағады.
45 жыл бұрын қолданысқа берілген тұрғын үйде ауызсу тапшы. 300-ге жуық пәтер иесі қала әкімдігі мен сервистік компанияның табалдырығын тоздырған. Алайда, әлі күнге дейін қос тарап өзара келісе алмай келеді...
"Ол үйдің жағдайы туралы бұрыннан да білеміз. Үйдің жағдайы, үстіндегі балкілердің жағдайымен де таныспыз. Бірақ, ремонттың жағдайы туралы айтатын болсақ, оған тек қайтарымды қаражат ретінде күрделі ремонт жасау керек", деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспециясы бөлімінің бас маманыАйдар Бисенов.
Бұл осыған дейін бірнеше рет ұсынылды, бірнеше рет жиналыс өткізілді. Алайда, тұрғындар арасынан қолдау тапқандар жоқ.
Сервистік компания 2004 жылы бетон құлаған соң, әкімдікке хат жолдаған. Комиссия құрылып, бекіністі алып тастау туралы шешім шыққан.
"2016 ж. Боранбаев Бердіқожа деген депутат айналысып бастады. Көп ұзамай жұмысты аяқсыз қалдырып кетіп қалды. Бұл іс тікелей қала әкімдігіне қатысты болғасын мен қанша қаражат, қайдан бөлінді. Неге жұмыс аяқталмай қалғанын білмеймін. Олар маған есеп берген жоқ....", деді Сервистік компания басшысы Татьяна Вежновец.
Тұрғын үйді апатты деп тану үшін тәуелсіз сарапшылар мен қыруар қаражат керек. Мәселені бақылауға алған жергілікті шенеуніктер алдағы уақытта тұрғындармен тағы бір кездесетінін айтты.
Нұрлан Қуанышбай