Қордағы көкөністер сатылымға шықты - Сауда министрлігі

494

Үкімет Ұлттық қорды қойып, енді резервтегі көкөністерге қол салды. 

Қордағы көкөністер сатылымға шықты - Сауда министрлігі

Анығын айтқанда, пиязға, одан кейін сәбізге, картоп пен қырыққабатқа тауарлық интервенция жүргізу басталды. Бұл туралы Сауда министрлігі мәлімдеді. Айтуларынша, бұл көкөніс бағасын төмендетуге септігін тигізбекші. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың сөзіне сенсек,  ел бойынша пияз қоры 130%, картоп  118%, сәбіз болса  103%, ал қырыққабат  74% екен. Интервенция кезінде тауар жетпей жатса, айырқалпақты ағайыннан алыңдар, деген болатын Сауда министрі. 

"Бүгінгі таңда бағаны тұрақтандыру құралдарын іске асыру үшін, өңірлік кәсіпкерлік корпорация әкімшіліктермен бірлесіп, қалыптасқан резервтегі көкөністерді шығару бойынша жұмыс басталды. Бұл қор маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін бағаны ұстап тұру және бағаның күрт өзгеріп кетпеуіне жол бермес үшін арнайы құралған", ҚР СИМ Сауда комитетінің басқарма басшысы Олжас Әділбеков.

Бұл ретте сарапшылар жалпы интервенция халықаралық тәжірибе екенін айтады. Және оның тиімділігі де бар екен. Алайда, шегін білу қажет. Өйткені, биыл бағаны төмендетеміз деп жүргенде, келесі қыста жұрт көкөніс таппай қалуы әбден мүмкін. 

"Интервенцияларды жиі жүргізіп тұруға болмайды. Өйткені, соңында нарыққа оның әсері болмай қалады. Ең сорақысы нарықтағы механизмдер бұзылуы мүмкін. Оның үстіне қорлардың түбі бар. Олар таусылады. Ал, мемлекет үнемі үлкен көлемдегі тауарларды сатып алып отыра алмайды", дейді экономист Арман Бейсембаев.

Шынында қорды жиі толықтырып отырмаса, түбі көрініп қалуы ғажап емес. Тауарлық интервенция алдағы ақпан пен сәуір аралығында жүргізіледі. Әлеуметтік азық-түлік бағасы арзандай ма, жоқ па, яғни интервенцияның пайдасын сәуірде білетін боламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу