Кореяның СІМ Инчхон әуежайында кідіртілген қазақстандықтарға қатысты түсінік берді

927

Кореяның СІМ Инчхон әуежайында кідіртілген қазақстандықтарға қатысты түсінік берді

Корея Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарын Инчхон әуежайында кідіртуге себеп болған жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Қазақстан мен Корея Республикасының арасында визасыз режим орнаған. Алайда, ол визасыз режим тек туристердің келіп-кетуіне арналған. Бірақ, бірқатар азаматтар жұмыс істеуге келсе де, оқуға келсе де сол визасыз режимді пайдаланады екен, ондай азаматтарды біздің көші-қон полициясы ұстауға құқылы. Мұндай азаматтарды өз еліне Кореяға әкелген әуе компаниясы кері қайтаруға міндетті. Қазақстан азаматтарын да ұстаған жағдайлар тіркелді, мұны білген біз көші-қон полициясының тарапынан Қазақстан азаматтарына дөрекілік жасалмасын деп, қолдан келген шараларды жасадық.

Азаматтарыңызды еліне қайтаруға міндетті әуекомпаниямен сөйлесіп, болашақта мұндай жағдай қайталанбасын деп ескерттік", – дейді "ҚазАқпарат" ХАА тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Еуропа жөніндегі бөлім басшысы Су Сок Лим (Soosuk Lim).

Су Сок Лим сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия елдеріне қатысты саяси және экономикалық мәселелерді басқарады.

Айта кетейік, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, бірнеше елдің, соның ішінде Қазақстанның азаматтары халықаралық Инчхон әуежайында кідіріп қалғаны хабарланған. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылдың наурызы мен қазанында мұндай жағдайлар жиі кездескен. Кейінірек, Оңтүстік Корея Қазақстан азаматтарына қатысты дөрекілік танытқаны үшін кешірім сұраған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу