Коронавирус Қытайдағы жолаушы көліктерінің саудасын құлдыратты

768

Эпидемия салдарынан ақпан айында көрсеткіш күрт төмендеп кеткен. 

Коронавирус Қытайдағы жолаушы көліктерінің саудасын құлдыратты

Жергілікті ақпарат құралдарының дерегінше, жолаушы автокөліктерінің сатылымы 1 және 16 ақпан аралығында 92%-ға кеміген. Осы уақыт ішінде небәрі 4909 көлік сатылыпты. 2018 жылдың ақпан айында 59,93 мың темір тұлпар сатылған болатын. 

Індеттен бөлек елдің экономикалық өсімінің бәсеңдеуі, АҚШ-пен арадағы сауда тартысының салдары сияқты триггерлер де бар. Эпидемия кезінде тұтынушылар адам қарасы көп жерлерге бармайды, нәтижесінде бөлшектік сауда құлдырап отыр. Оның үстіне автоөндірушілердің жұмысты қашан жалғастыратыны әзірге белгісіз. Елдің сауда министрлігінің мәлімдеуінше, үкімет тұтынуды ынталандыру үшін жақын арада қосымша шаралар қабылдамақ. 

CGTN телеарнасының соңғы дерегіне сүйенсек, вирусты жұқтырғандардың саны Қытайда 75567-ге жетсе, ал шет елдерде 1000-нан асқан. Қаза болғандардың саны Қытайда 2239, шет елдерде 7 болды. 18277 қытайлық індеттен құлан-таза айығып, ауруханадан шығарылыпты. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу