Трамп "Құдай сыйы" деп атаған препараттың ағзаға тигізетін жанама әсері де көп

1479

Қазір көптеген елдер гидроксихлорохин мен хлорохин деп аталатын препараттардың қолжетімділігін қамтамасыз етуде. Олардың құрамындағы хинин бұрыннан бері малярия дертіне қарсы қолданылып келеді.   

Трамп "Құдай сыйы" деп атаған препараттың ағзаға тигізетін жанама әсері де көп

France24 басылымының дерегінше, Франция мен Қытай ғалымдары бұған дейін осы препараттармен коронавирус жұқтырғандарды емдегенде, жақсы нәтижелер болған екен. Жақында ғана АҚШ президенті Дональд Трамп бұл дәрілерді "Құдай сыйы" деп атаған болатын. Десе де, кей  сарапшылар нақты зерттеулер аяқталмайынша, оларды қолданғанда сақ болу керектігін айтуда.  

Ақпан айында 134 қытайлық науқас осы препараттардың көмегімен емделгенде, аурудың асқынуы тежелгені анықталған. Бірақ бұл зерттеулердің нәтижелері әзірге ресми түрде жарияланбады. Қытайдың респираторлық аурулар жөніндегі маманы Чжун Наньшаньның айтуынша, деректер жақын арада жария етілмек. 

АҚШ-тағы Ұлттық денсаулық институтының маманы Энтони Фаучи болса, бұл препараттардың ауруды құлантаза жазып шығаратынына күмәнмен қарап отыр. Ол тек санаулы қытайлықтарға жүргізілген зерттеулердің жеткіліксіз екенін тілге тиек етті. Фаучидің мәліметі бойынша, осы айда 30 қытайлыққа жүргізілген сараптама нәтижесінде HCQ яғни гидроксихлорохиннің айтарлықтай тиімді еместігі анықталған көрінеді. Препараттың тиімділігі төсекте жату, сұйықтық ішу сияқты симптомдарды басу үшін жүргізілетін медициналық шаралардан артық болмаған. 

Хлорохиннің ағзаға тигізетін жанама әсері орасан. Мысалы, осы аптада АҚШ-тың Аризона штатының 60 жастағы тұрғыны осы препаратты ішіп, ажал құшқан. Хлорохинді ішкен оның әйелі болса, қазір ауыр халде жатыр. Екеуі коронавирусты жұқтырудың алдын алу мақсатында осы дәріні қабылдаған екен. 

Негізі, жер бетіндегі адамдардың 1 пайызы осы препаратты қабылдағанда талып қалуы, дерттерінің қозуы, жүрек ырғағы ауытқығандардың сол бойда жан тапсыруы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер адамдарды бұл препаратты нұсқаулықсыз қабылдамауға шақыруда. 

Ескере кететін жайт, қазір бірнеше елде аталған препаратты зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрама Штаттарда сынақтар осы аптада басталған. Ал Италияда 2000 адамның ағзасына бұл дәрілер енгізіліп, ғылыми сараптамалар өткізілуде. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу