Коронавирусқа қарсы препараттар жүрек пен бауырға кері әсер етеді

1142

Өкпені рентген немесе компьютерлік томографиямен тексеру қажет. 

Коронавирусқа қарсы препараттар жүрек пен бауырға кері әсер етеді

Коронавирус инфекциясының белгісі бар және белгісі жоқ науқастар үйде емделуі керек. Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Раушан Қарабаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн конференцияда осылай деді. 

Оның сөзінше, дәрігерлер өздігінен ем қабылдайтын науқастардың 
ем-домын реттеп отыруға тиіс. 

"Коронавирустың симптомы аз түрі патогенетикалық емдеуді, дәлірек айтқанда вирусқа қарсы, антибактериялық, тромбқа қарсы препараттар тағайындауды қажет етпейді. Мұндай пациенттер емдеу-сақтану режимінде ақуызы көп тамақ жеп, көп мөлшерде сұйықтық ішуі керек. Оларға С, Д дәрумендері және дене қызуы көтерілген жағдайда парацетамол, ибупрофен сынды қызу түсіретін дәрілер тағайындалады", – деді Раушан Қарабаева.

Дәрігердің түсіндіруінше, С дәруменінің үлкен дозасы тағайындалған жағдайда, бүйрек және несеп жолы ауруларын күшейтуі мүмкін.

"Дене қызуы 38 градустан асқанда, бұлшық ет ауырып, әлсіздік байқалса, бас ауырып, жөтел пайда болса, кеуде тұсы ауырса дәрігерге хабарласып, өкпе қабынуының алдын алу керек. Өкпені тексеру үшін рентгенологиялық зерттеу немесе компьютерлік томография жүргізіледі", – деді медицина ғылымдарының докторы.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясындағы негізгі ем – вирусқа қарсы препарат тағайындау. Қазіргі уақытта КВИ емдеуге лопинавир, ритонавир, гидроксихлорохин, фавипиравир сонымен қатар ремдесевир сынды дәрілер  жазылады. 

"Бұл дәрілер жүрек пен бауырға уытты әсер ететінін атап өткен жөн. Осыған байланысты аз симптомды және симптомсыз науқастарға бұл дәрілерді өздігінен қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл препараттарды дәрігерлер стационарлық жағдайда ғана береді", – деді Раушан Қарабаева.

Дәрігердің мәлімдеуінше, науқастар антибиотикті қадағалаусыз қабылдап жатыр. Осылайша өмірлері мен денсаулықтарына қауіп төндіруде. 

"Антибиотик ағзаның иммундық жауабын қалыптастыруға қажетті ішек микрофлорасын бұзады. Сәйкесінше пациенттің иммунитетін одан әрі төмендетеді", – деді Раушан Қарабаева.

Ол ауыр инфекцияларда ғана қолданылатын резервті антибиотиктердің де коронавирусқа қарсы пайдаланылып жатқанына назар аударды. 

"Бұған жол беруге болмайды, себебі пациенттің жағдайы мүлде қиындап кетуі мүмкін. Бактериялық компонент болған кезде коронавирусты антибиотиктермен тек дәрігердің нұсқауымен ғана емдеу керек", – деді Раушан Қарабаева.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу