Көшеттердің 40 пайызы көктемей қалды

324

Шығыс Қазақстанның орман алқабындағы тәлімбақтарда биыл егілген көшеттердің 40 пайыздан астамы көктемей қалған.

Көшеттердің 40 пайызы көктемей қалды Фото: inkaraganda.kz

Оған күн-райының қолайсыздығы, жауын-шашынның болмауы және күтімнің дұрыс жетіспеуі секілді түрлі себеп бар. Соған қарамастан орманшылардың алдында алдағы 2 жылда 8 мың гектардан астам алқапқа ағаш егу жоспары тұр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бұл - 2020 жылы президент берген тапсырма аясында жүзеге асуы тиіс іс. Бірақ сала мамандары жоба мерзімін 2030 жылға дейін ұзартуды сұрайды.

Күллі Қазақстан пайдаланатын ағаш қорының 75 пайызы еліміздің шығысында шоғырланған. 13 шаруашылық бар. Орман алқаптарының ауданы таулы өлкелерде. Соған қарамастан орманшылар жыл сайын жоспар құрып, көшет егеді. Биыл егілген 13 миллион түптен астам көшеттің 58 пайызы ғана көктеген. Ал өспей қалған жасыл желектерге тиісті деңгейде күтім көрсетілмеген және тұқым сапасы төмен деген пікір білдірді мамандар. Жалпы еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін ағаш егуді президент бұған дейін тапсырған.

Президенттің сөзінен кейін іле-шала шығыста жоспарды орындау үшін 5 жылға арналған кешенді жоспар жасалды. Онда 15 мың гектарға барлығы 76 миллион көшет егілуі қажет. Жойқын жобаны аяқтауға 2-ақ жыл қалды. Алайда, осы уақытқа дейін айтылған 15 мың гектардың жартысына жуығына ғана ағаш егілген.

"Бізде орман қорын егетін жерлер аз. Бұл да бізге қиыншылық туғызады. Ана жоспарлардың орындалмай қалу қаупі туып отыр. Екінші бұл жоспарды 2025 жыл емес, 2030 жылға дейін ұзартса деген тілегіміз бар", - дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Дәурен Асылханов.

Өйткені, орманшыларға ауыр техника ауадай қажет. 80-ге жуық трактор керек. Жұмысшылар да толық емес. 1486 мемлекеттік орман қызметкерінің 500-ге жуығының орны бос тұр.

Президент пәрмен бергендей елдімекендерге де жас шыбықтар жылда көптеп егіледі. Алайда, мәуелеп өсетіні өте сирек. Мәселен, Өскеменнің Шығыс ауылында талай ағаш егілді. Қазір сол жасыл желектерді іздеп жүріп әрең табасыз.

"Еккен ағашынан ешқандай нәтиже шықпай тұр. Бірақ оны қарамайды ғой. Сол мәселе бойынша. Оны күту керек, қарау керек. Ең бастысы еккен адамдарда жауапкершілік болу керек", - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Еркеш Кеңесова.

Айта кетейік, 15 адамның өмірін жалмаған Семей орманындағы өрттен кейін орманшылардың жағдайына көңіл бөлу, жалақысын көбейту, қызметтік көлік пен киім-кешек мәселелері көп көтерілді. Жергілікті жерлердегі жұмысшы санын көбейту де сөз болды. Бірақ нақты шешім әлі шыққан жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу