Депутаттың айтуынша, 77 шақырым аумақты алып жатқан "Қошқар Ата" ойпатындғы радиоактивті қалдықтар қоймасы әлемдегі ең үлкен қойманың бірі. Мұнда 105 млн тоннадан астам уытты және 52 млн тонна әлсіз радиоактивті қалдық жатыр.
"Қошқар Ата" ойпатындағы радиоактивті қалдықтарды рекультивациялау жұмысын жалғастыру қажет", – деді депутат премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында.
Самат Мұсабаевтың мәлімдеуінше, маңғыстаулықтар арасында онкологиялық ауру көрсеткіші өте жоғары. Ал қойма маңына жайылатын жануарларда мутациялық процес бар.
"Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қойманы рекультивация жасау жөнінде тапсырма берген. Қалдықтар қоймасының жері 2012 жыл рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, радиоактивті қалдықтар шаң болып атмосфераға көтерілмес үшін, ашық қалған 45 шақырымдай жер 30 сантиметр топырақпен жабылатын болып шешім қабылданған. Бұл ең арзан және бүгінгі күні оңтайлы шешім еді. 2020 жылы осы жұмыстарға Маңғыстау облысының табиғат ресурстары және табиғатты пайдалану басқармасы конкурс өткізіп, 15,5 млрд теңгені құрайтын жұмысқа мердігер анықталып, рекультивациялық жұмыс жергілікті бюджет есебінен басталған болатын. Сонымен қатар биыл көктемде жобаға республикалық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы қарастырылған. Алайда жақында өткен Маңғыстаудағы кездесуде бұл жұмысты экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі негізсіз тоқтатып тастағаны белгілі болды. Республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд теңге әлі күнге дейін жергілікті мемлекеттік органның есеп шотына аударылмаған", – деді мәжілісмен.
Қанат Махамбет