КСРО-дағы тұңғыш коммерциялық банк Шымкентте ашылған

2705

КСРО-дағы тұңғыш коммерциялық банк Шымкентте ашылған

КСРО аумағындағы ең алғашқы коммерциялық банк Шымкентте ашылған. "Союз" деп аталатын банк 1988 жылы 24 тамызда құрылады. Одан 3 ай бұрын, мамыр айында "Кооперациялар туралы" заң қабылданған еді. Бұл заң алғашқы банкті ашуға мүмкіндік береді. 1 млн рублді құраған жарғылық капиталды қалыптастыру үшін акционерлері үш машина пияз сатқан екен, деп жазады 7kun.kz.

КСРО-дағы екінші коммерциялық банк 1988 жылы сол кездегі Ленинградта "Патент" (1991 жылдан бастап "Викинг" деп аталады) деген атпен тіркелген. Қазақстандық банкпен салыстырғанда бұл қаржы инстиуты әлі жұмыс істеп тұр.

Бұдан кейін Одақ аумағында банк ашу сәнге айналғандай. 1988 жылы Одақ аумағында 25 коммерциялық банк тіркеледі. 1989 жылы бұлардың саны 150-ге, 1991 жылы 1414-ке жетеді.

Бұдан да көп болуы мүмкін еді. Өйткені банктердің табысы айтарлықтай жоғары болған. Алғашқы банкирлердің айлық табысы 700-800 рубль шамасында болыпты. Бұл сол кездегі министрлердің жалақысымен бірдей еді.

Алайда  банктердің күрт көбеюінің алын алғысы келген КСРО Қаржы министрлігі 1989 жылы 14 қарашада коммерциялық банктерге таза табысының  60% салық түрінде төлеуі тиіс деген қаулы шығарады. Бұл банк ашқысы келгендердің талайына тоқтау салғаны сөзсіз.

1991 жылы тәуелсіздік алған соң жекеменшік банктердің саны қайтадан саңырауқұлақтай қаптай бастаған. 1993  жылы Қазақстанда 204 банк жұмыс істеген.  Алайда бұлардың саны табыстың аздығынан, шағын банктердің лицензиясын кері қайтарып алудан кейін жылдам азая бастаған. 1990-93 жылдары банктік жүйеде бес банк: Агропромбанк, Туранбанк, Кредсоцбанк, Алембанк және Сбербанк белсенді жұмыс істеді. 1994 жылы Ұлттық банк ең ірі банктердің бірі болғанына қарамастан Крамдас банктің лицензиясын кері қайтарып алды. Басты себеп – кредит портфелінің 60% табыссыз еді. Берілген кредиттің  0,5% ғана қайтарып алуға мүмкін болды. Нәтижесінде банктың табысы болмаған, жеке және заңды тұлғалар алдындағы қарызы 3 млрд. теңгені құраған. Тұранбанк, Әлембанктер де дағдарыс алдында тұрғандықтан, мемлекет екі банкті 25 млн. долларға сатып алып, "Тұранәлем банкіне" біріктіреді. 1994-95 жылдар банк жүйесі үшін қиын жылдар болды. Көптеген банктер жұмысын тоқтатты. Олардың қатарында КСРО аумағында ашылған алғашқы банк "Союзбанк" те бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу