СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов биылғы жылғы орақ науқанының қорытындысын айтты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Биыл солтүстiкқазақстандық диқандар 5,6 миллион тонна астық жинады. Бұл республикалық жалпы түсiмнiң 30 пайызы. Орташа өнiмдiлiк 18,2 ц/га. Былтыр бұл көрсеткiш 17,6 ц/га құраған. Астық қабылдайтын және сақтайтын элеваторлар мен қоймалардың көлемi 6,6 миллион тоннаны құрайды. Қазiр қамбаға 1 миллион тоннадан аса бидай құйылды.
Ауыл шаруашылығын әртараптандыру да өз жемiсiн бере бастады.
"Шаруалар жыл сайын майлы дақылдардың алқаптарын ұлғайта түсуде. Биыл майлы дақылдар 715 мың гектарға егiлсе, келесi жылы 1 миллион гектарға дейiн өседi", - деп атап өттi Құмар Ақсақалов.
Келесi көктемгi егiс жұмыстарына дайындық басталып та кеттi. Қазiр 3 миллион гектар алқапты жырту жұмыстары жүрiп жатыр, оның 80 пайызы орындалды. Биыл топыраққа 76 мың тонна минералды тыңайтқыш салынса, келесi жылы бұл көрсеткiш 100 мың тоннаға дейiн жетедi. Биыл диқандар 7,5 миллиард теңгеге бiр мыңнан аса жаңа техника алды. Шаруаларға мемлекеттен биыл 44 миллиард теңге субсидия бөлiндi.
Тұқымды жаңарту жұмысы да ерекше бақылауда. Биыл шаруашылықтар 25 мың тонна элиталық тұқым, 4 мыңға тоннаға жуық түпнұсқа тұқымын ектi. Сөйтiп, тұқымның 5,3 пайызы жаңартылды. Келесi жылы бұл көрсеткiш 7,5 пайызға дейiн жетедi.
Азық-түлiк қауiпсiздiгi ауыл шаруашылығындағы басым бағыттардың бiрi.
"Келесi жылы әр ауданда 20 гектар жерге картоп егiледi. Бұл iске шаруашылықтар мен өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар тартылмақ. Картопты шаруалар мен тұрғындардан сатып алатын қызметтiк-дайындау орталығы құрылып жатыр", - дедi Құмар Ақсақалов.
Биыл облыста 24 ауыл шаруашылығы кооперативi құрылды. Бұл құрылымдар халықтан сүт сатып алумен айналысуда, мал сою нүктелерi де жұмыс iстеуде. Сондай-ақ, кооперативтер қой және ара шаруашылығымен айналысуда.