Күріштің отандық сұрпының сапасы артып келеді

2578

Алдағы екі жыл ішінде барлық егіс алқабының 45-50% жеріне жергілікті институттың жаңа будан сорттары егіледі деген жоспар бар.

Күріштің отандық сұрпының сапасы артып келеді

Қызылорда облысының диқандары еккен күріштің тек 12%-ы ғана жергілікті селекцияның сорттарынан. Қалғаны негізінен ресейлік күріш сұрыптарын отырғызған.

Мәселен, Жалағаш ауданындағы "Таң ЛТД" ЖШС-і 3 мың гектар жерге күріш ексе, олардың барлығы дерлік ресейлік сорттар. Краснодарлық тұқымнан шаруашылық жыл сайын орташа өнімділік 65-70 центнерден күріш алып отыр.

"Қазір күріш масақтанып жатыр. Бұл маусымда судың түсімі аз болғанымен күрішіміз біркелкі өсіп жатыр. Биыл да жақсы өнім береді деп отырмыз. Астық тығыз, талшықтары ұзын, шығымы жақсы. Қазір ауа райы тұрақты ыстық, бұл күріштің өсуіне пайдалы", – дейді серіктестік директоры Имамзада Шағыртаев.

Ал Қармақшы ауданындағы ең қуатты шаруашылықтардың бірі "Жаңажол" ЖШС. Серіктестік 3200 гектар жерге тек супер-элиталық және элиталық тұқымдарды сепкен екен.

"Қазір масақтану кезеңі жүріп жатыр. Күріш қажетті элементтер мен ылғалды қарқынды сіңіріп жатыр. Күннің қызуы 40 градустан артық. Аптапта масақтың салмағы ауырлай бастайды, неғұрлым салмақты болса, соғұрлым көп өнім береді",– дейді ЖШС директоры Орынбасар Төлепов.

Шаруашылықтар күріш егумен қатар жергілікті селекцияның сорттарын ресейлік сорттармен будандастырып тәжірибелер жасауда. Әзірге оларды құпияда ұстап отыр. Егер жақсы нәтиже көрсетсе, онда келер жылдан бастап жалпы өндіріске енгізбекші.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, осы маусымда жергілікті күріш сұрыптарына арналған күріш атыздықтары ұлғайтылған. Мәселен, былтыр егістік алқаптарына жергілікті тұқымдардың бар болғаны 7%-і егілсе, биыл 12% жерге дән себілді. Алдағы екі жыл ішінде барлық егіс алқабының 45-50% жеріне жергілікті институттың жаңа будан сорттары егіледі деген жоспар бар.

Жергілікті сорттарды "Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС-нің ғалымдары көп жылдардан бері тәжірибеден өткізіп келеді. Ғалымдардың айтуынша, олардың жаңа сорттарының әлеуетті өнімділігі гектарына 150 центнерге дейін өнім беруге жетеді екен.

"Бұл сорттар "Арал 5, 6, 7", "ҚазҒЗИ 4 және 6", "Ай-сәуле", "Сыр сұлуы" деп аталады. Осы сорттардың әрбір кейінгі ұрпағы бұрынғыдан гөрі жоғары генетикалық әлеуетке ие болмақшы, сондықтан жыл сайын өнімділік бірнеше есе артатын болады. Бұлардың барлығы біздің климатымызға өте қолайлы", – дейді институттың "Білім тарату орталығының" жетекшісі, ғалым Жанұзақ Байманов.

Институт мамандары жергілікті жаңа сорттарды тұқым шаруашылықтармен бірге жыл сайын сынақтан өткізіп, табиғи бейімділігін арттыруда. Күріш өсірушілердің пікірінше, 2019 жылғы маусымның қорытындысы бойынша олардың орташа өнімділігі гектарынан 58-ден 65 центнерге дейін жеткен және бұл нәтиже жылдан жылға артатынына сенімді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу