Бұл туралы Қазақстан жобалаушылар одағының төрағасы Талант Омарбеков Астанада өтіп жатқан құрылыс саласының қазақстандық форумында айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Ол құрылыс еліміздің экономикасындағы үлкен салалардың бірі екенін атап өтті. Бүгінде секторда реттеуді қажет ететін мәселелер аз емес, дейді спикер.
“Мәселен, лицензиялау. Қазақстанда құрылыс және жобалау саласында 80-90 мыңға жуық лицензия бар. Осы уақытқа дейін лицензиялық институт өзін дұрыс көрсете алмады. Сол себепті біздің ұсыныс – өзін-өзі реттеу стандарттарын енгізу. Құрылыс, жобалау лицензияларын олх-ке кіріп, сатып алатын жағдайлар да кездеседі. 2-3 млн теңге тұрады. Сатып алдың, ол демек ешқандай сапа жоқ деген сөз. Сапасы болмағаннан кейін қалай дұрыс құрылысты талап етеміз”, - деді Қазақстан жобалаушылар одағының төрағасы.
Талант Омарбеков лицензиялардың саны күннен күнге өсіп жатқанын жеткізді. Бірақ нақты салада істейтін компаниялар саны оншалық көп емес, деп жалғастырды ол.
“Біздің меңзеуімізше, лицензияны сату кәсіптің бір түріне айналып кеткен. Сондықтан да кейбір сапасыз нысандар тұрғызылуы мүмкін деген қауіп-қатер бар. Біз лицензияны қатаңдату туралы ұсыныс білдірдік. Нақты айтқанда, өзін-өзі реттеу принциптерін енгізу керек. Өзін-өзі реттеудің екі түрі болады: міндетті және ерікті”, - деп атап өтті ол.
Оның бірінші түрінде компания құрылыс нарығына кірген кезде өзін-өзі реттеу ұжымының бір мүшесі болуы керек. Сол кезде ғана ол құрылыс сала алады. Мұндай жағдайда жұмыстың нақты тұтынушысы өзін-өзі реттеу ұйымына келіп, құрылыс компанияларына қатысты өзінің сұрағын қойып, арызын айта алады.
“Сол кезде өзін-өзі реттеу ұйымы сол компаниямен әрі қарай жұмыс істейтін болады. Сонда нарықта өзінің жұмысына атүсті қарайты компаниялар болмайды”, - деп түсіндірді ол.
Бұдан басқа сейсмиканы реттеу ережелеріне өзгерістер енгізу, құрылыс саласын цифрландыру туралы да ұсыныстар бар. Қазақстан жобалаушылар одағы саладағы процестің бәрін цифрландырып, бір жүйеге келтірген жөн деп санайды.
Бүгінгі таңда тұрғын үйдің құрылысын бастайтын компаниялар азаматтарға алдын ала салымды енгізіп, қалған соманы ипотека ретінде рәсімдеуге болатынын айтып жатады. Спикер Құрылыс кодексінде осы сұраққа да көңіл бөлінгенін жеткізді.
“Ұсыныс ретінде осындай компанияларға жарнама жасауға тыйым салу керек деп айтып отырмыз. Егер құрылыс компаниялары сақтандыру жүйесіне кірмесе, онда оларға сол пәтерлерді сатуға жарнама жасауына тыйым салу керек”, - деп қорытындылады ол.