Қымбатшылық қалтаны қаққан жыл: 2022 жылы инфляция рекордттық деңгейге жетті

833

Қарапайым халықты қымбатшылық қысқан жыл. Кетіп бара жатқан 2022 - инфляция шарықтаған жыл болды. Ресми инфляция 20 пайызға жақындаса, азық-түлік инфляциясы 24 пайызға жетті. Бұл соңғы 14 жылда болмаған көрсеткіш.

Қымбатшылық қалтаны қаққан жыл: 2022 жылы инфляция рекордттық деңгейге жетті

Еліміздегі ең жоғарғы инфляция 1996 жылы болды. Құнсыздану көрсеткіші 28,7 пайыздан асыпты. Екінші рет 2007 жылы 18 пайызға жеткен. Ал, бұл жолғы 19,5 пайыздық құнсыздық ел тарихындағы екінші жоғарғы көрсеткіш. Инфляцияның ырықсыз кетуі әлемдік үрдіс болғанымен, Қазақстанның импорт пен мұнайға тәуелділігі проблеманы ушықтырып жіберді. 

Шарықтаған бағаны ауыздықтау үшін Ұлттық Банк базалық ставканы жыл басынан бері 10,25%-дан 16,75%-ға дейін, яғни 6 рет көтерді. Алайда, сарапшылардың пайымынша, бұл шешім инфляцияны тежей алмайды. Себебі, мәселенің тамыры тым тереңде жатыр. Мемлекет экономиканы неше жылдан бері арзан ақшамен қаржыландырып келді. Ал, іс жүзінде оның нәтижесі төмен. Елдегі тауар өндірісі, яғни ұсыныс көлемі айналымдағы ақша массасына сай болмаған соң, баға қалтаны қағуда.      

"Үкімет осы уақытқа дейін ішкі өндіріске көңіл бөлмей келді. Мұнай мен метал экспортына ғана жұмыс істеп, қалғанын сырттан сатып ала саламыз деп ойлады. Бірақ бұл бізді құтқарған жоқ. Тым болмағанда күнделікті  тұтынатып тауарларды елде өндіруге болатын еді. Біз Ресейге сеніп қалдық. Халықаралық концерндердің Ресейдегі нүктелері арзан тауарлар жеткізіп отырды. Биыл көпшілігі кетіп жатыр. Биылғы инфляция төбеден түскен жоқ. Бұрын тежеуге болатын еді. Биыл ырықтан шығып кетті", дейді Экономист Расул Рысмамбетов.

Билік тез арада импорт пен экспортты әр тараптандырып үлгермейтіні анық. Сондықтан, біздегі баға импортқа байланып тұр. Ресейдің геосаяси ахуалы ушығып, әлемдегі ең ірі өндіруші Қытай да "тұмауратып" жатқанда, тауар жеткізу тізбегі қалпына келмейді. Тапшылық тереңдей түседі. Сондықтан, қымбатшылықтың көкесі әлі алда. 

"Келесі жылдың 1-ші тоқсанында инфляция ең жоғарғы нүктесіне жетеді. Тіпті бірінші жарты жылдықта да жоғарғы боп тұрады. Өкінішке орай, шарықтау шегінен өткен жоқпыз. Екі таңбалы инфляциядан келесі жылы да  көз ашпаймыз", дейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшысы Рамазан Досов.

Сондықтан, сарапшылар Үкімет білек сыбана кіріспесе, істің бәрі бекер,- деп отыр. Ал, Үкімет инфляцияға қарсы, 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін әзірледі. Онда өндіріс көлемін ұлғайту, тауарлар мен көлік логистикасын дамыту, монополияға қарсы реттеу және т.б. жүйелі шаралар қарастырылған.

Мәселенің жағымды жағы да бар. Биыл базалық ставка өскен соң,  теңгедегі салымның мөлшерлемесі көтерілді. Қазір теңгедегі депозиттің ең жоғарғы ставка 17,5 пайыз. Оған қоса, 10 пайыз көлемінде мемлекеттік өтемақы қосылады. Бұл халықтың төл валютамызға деген сенімін артырып,нәтижесінде депозит портфеліндегі ұлттық валютаның үлесін 70 пайызға жақындап қалды. Ал, қаржы сарапшылары  көрерменге  келесі жылы тұтынушы санадан жинақтау мәдениетіне ауысып, орынсыз қарыз алмауға кеңес береді.  

Жәния Әбдібек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу