Қырғызстанда Садыр Жапаров жетекшілік еткен үкімет отставкаға кетті. Өйткені ол мерзімінен бұрынғы президент сайлауында жеңіске жеткен еді. Бұл туралы жергілікті басылымдар хабарлады.
"Жогорку Кенеш төрағасы Талант Мамытов "Қырғыз Республикасы премьер-министрі мен Қырғыз Республикасы үкіметінің өкілеттігін тоқтату туралы" жарлыққа қол қойды", – деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Мамытовтың айтуынша, Жапаров 10 қаңтардағы президент сайлауының ресми қорытындысы жарияланғаннан кейін министрлер кабинетінің басшысы қызметінен кету туралы өтініш берген. Жапаров 79,2% дауыс жинап, бірінші турда жеңіске жеткен еді.
Ресми дерек бойынша, президенттің жарлығымен үкімет мүшелері заңнамаға сәйкес министрлер кабинетінің жаңа құрамы құрылғанға дейін өз міндеттерін атқарады. Премьер-министрдің міндеті әзірге Артем Новиковқа жүктелді.
Қырғызстандағы президент сайлауы 10 қаңтарда өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, Жапаровқа 1,1 миллионнан астам адам, яғни учаскелерге келгендердің 79,2%-ы дауыс берген.
Табиғат Нұрболат