Қырғызстандағы парламенттік сайлаудың қорытындысы жойылуы мүмкін

671

Мемлекет басшысы сайлау кезіндегі заң бұзушылықтарды тексеруді ұсынды. 

Қырғызстандағы парламенттік сайлаудың қорытындысы жойылуы мүмкін

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жақында өткен парламенттік сайлаудың қорытындысын жоюы мүмкін. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Толғонай Стамалиева мәлім етті.

"Қазіргі ахуалға байланысты мемлекет басшысы Орталық сайлау комиссиясына заң бұзушылықтарға қатысты материалдарды жіті тексеруді, тіпті керек болса сайлау нәтижесін жоюды ұсынды", – деді ол. 

Оның айтуынша, қазір Жээнбеков Бішкекте.

"Ол қазіргі жағдайды бақылап отыр. Елдегі барлық саяси күштер өз мүдделерін мемлекеттен жоғары қоймай, халық арасында алауыздықтың өршуіне жол бермейтініне сенім білдірді. Ол елдің құқыққа бағынуын барынша қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе парламенттік сайлауға қатысты",– деді Стамалиева. 

5 қазанда Бішкектің Ала-Тоо деп аталатын орталығында парламентке өтпей қалған партиялардың 2 мыңға жуық жақтасы бас көтерген еді. Сол партиялардың бірі – "Қырғызстанның социал-демократтары" деп аталатын партиясын бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы Сейітбек Атамбаев басқарады. Ереуілшілер парламенттік сайлауды қайтадан өткізуді талап еткен. Құқық қорғаушылар мен ереуілшілер арасында болған қақтығыста 590 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапты. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу