Қысқы емтихан форматы жиі өзгергендіктен студенттер қиын жағдайда қалып отыр

1121

Оқу жылының басында үй таппай қиналған студенттер енді қайтарға алған пойыз билетін қайта-қайта ауыстырып әлек. Олардың бұлай сандалуына университеттердің қысқы емтихан форматын бірнеше рет өзгертіп, бір шешімге келе алмауы себеп болған.

Қысқы емтихан форматы жиі өзгергендіктен студенттер қиын жағдайда қалып отыр

Желтоқсан айы  қысқы емтихан уақыты. Сессия мерзімін біле сала студенттер үйлеріне қайту үшін пойызға билет алып, орындарын сайлап қояды. Тек осы кезде асығыстық танытпау қажеттігін жоғары курс студенттері жақсы біледі. Себебі, университет әкімшілігі емтихан форматын бекітерде мың құбылатын көрінеді. Әсіресе, Алматыға білім іздеп барғандар  мұндай жағдайға жылда тап болады екен. Оқиға биыл да қайталанып отыр. 

"Екі рубежка бойынша орташа баға болады деген. Содан бір-екі күннен кейін барлығы онлайн форматта тапсырылады деді. Осы ақпаратты айтқаннан кейін 1-2 күн өтті ғой, студенттер билеттерін тапсырып, үйге ерте қайту үшін билеттер алды", дейді студент Мәди Нұрлыбаев.

Иә, Мәди айтқандай Қазақ Ұлттық университеті осыдан 3 күн бұрын қысқы емтихандар онлайн форматта өтетіні туралы ақпарат жариялады. Арыз-шағымның астында қалған университет әкімшілігі бастапқы шешімін көптеген факультеттер мен студенттердің өтінішіне байланысты өзгерткенін айтады. 

ҚазҰУ-дағы қысқы емтихан штаттық режимде, жоспарлы түрде өтеді. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпарат біржақты, арандатушылық сипатқа ие. Алдын ала билет алып қойған өзге өңірлерден келген студенттердің үйлеріне қайтып, емтихан тапсыруға мүмкіндігі бар. Жолға шыққан немесе интернет байланысы нашар білім алушылар емтиханды өздеріне ыңғайлы уақытта тапсыра алады. 

Ғылым және жоғары білім министрлігі елдегі емтихандар бұрын бекітілген кесте бойынша өткізіліп жатқанын жеткізді. Ал білім алушылар құқықтары бұзылған жағдайда студенттік омбудсменге жүгіне алады екен. 

"Министрлік жағынан студенттік омбудсмен бар, бірақ әр оқу орнында да бір өкілдер болу керек. Себебі, студенттердің құқықтары мен мүдделері, жағдайларын қорғайтын бір адам болу керек. Оқу орнын басқаратын құрылымдарының қатарында студенттердің өкілдері болу керек. Студенттердің құқығын қорғайтын адам ретінде сол жерге ену керек. Осындай шешімдердің барлығына студенттердің үні мен  студенттер дауысын жеткізу керек", дейді Қазақстан студенттер Альянсының басшысы Ілияс Түстікбаев.

Қазақстан студенттер альянсының басшысы атап өткендей, дәл осындай шақта студенттердің ойын ескерген өте маңызды. Себебі, кез келген орта не жоғары оқу орнының негізі  онда білім алатын студент. Ал олардың бүгінгі арман-мақсаты  университеттердегі емтихандар қашан, қай уақытта болатынын оқу жылының басында бекітуіне қол жеткізу болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу