Қытай Білім министрі ШЫҰ елдерінде білім саласын дамыту бойынша үш ұсыныс айтты

219

Қытай-Қазақстан достығының ұзақ тарихы бар.

Қытай Білім министрі ШЫҰ елдерінде білім саласын дамыту бойынша үш ұсыныс айтты Фото: Kazinform

Қытай ШЫҰ-ға мүше елдермен заманауи технологияға негізделген экожүйені құру үшін жасанды интеллект пен цифрлық білім беруді бірлесіп дамытуға дайын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен "Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық" атты халықаралық симпозиумда ҚХР Білім министрі Хуай Цзиньпэн мәлім етті.

"Қытай-Қазақстан достығының ұзақ тарихы бар. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 2 мың жылдан асты, әсіресе соңғы уақытта үлкен жетістіктерге жеттік. Кеше Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек екеуміз екі елдің мемлекет басшыларының қатысуымен білім саласындағы келісімдерге қол қойдық. Осылайша жаңа тарихи кезең, яғни „Қытай-Қазақстан“ қарым-қатынасының 30-шы жылдығына бірлескен маңызды қадам жасадық. Кеше ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде Қазақстанға қызмет бабымен 5 рет келгенін, соңғы сапары небәрі 10 ай бұрын ғана болғанын атап өтті. Екі ел көшбасшысы қабылдаған шешімдер бізді жаңа жолға бағыттайтынына сенімдімін", – деп бастады алғы сөзін Хуай Цзиньпэн симпозиумда.

Сондай-ақ, мейман ҚХР Білім министрлігінің цифрлық білім берудің дүниежүзілік конгресі, кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту мәселесі жөніндегі дүниежүзілік конференция, инновация мен креатив бойынша студенттерге арналған халықаралық инновациялық конкурс сияқты маңызды үрдістерде бастамашы ведомство екенін мәлімдеді.

"Қазір біз Шанхайда жаһандық ауқымда білім беру жүйесінің сапалы дамуына үлес қосу үшін UNESCO жанындағы STEM білім беруді зерттеу университетінің ашылуына дайындалып жатырмыз", – дейді ол.

Одан бөлек, министр Қытай тарапының ШЫҰ-ға мүше елдермен одан әрі жұмыс істеуге дайын екенін жеткізіп, білім саласын дамыту бойынша 3 ұсыныс айтты.

"Бірінші міндет – білім беру ынтымақтастығының жаңа жолдарын іздеу. Қытай тарапы алдағы үш жылда халықаралық қытай тілі мұғалімдеріне 1 мың грант, сондай-ақ қытай тілі байқауының жазғы лагерьлеріне 3 мың квота беруге дайын. Екінші міндет – ШЫҰ-ның мастер-класс бағдарламасы есебінен ШЫҰ гранттарының ауқымын кеңейту және қалыптастыру. Сондай-ақ, бизнеспен және өндіріспен бірлесіп ШЫҰ-ға мүше елдер үшін инновациялық мамандар даярлауға қосарланған ғылыми жетекшілер жүйесін дамытуға дайынбыз. Үшінші міндет – ШЫҰ цифрлық білім архитектурасын бірлесіп ашуды ұсынамын", – деді ҚХР Білім министрі Хуай Цзиньпэн.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, еліміздегі ұлттық университеттерде қытай тілін оқытатын кафедралар құрылады. 

Ал Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде Лу Бань шеберханасы ашылады.

Бүгін елордадағы Astana IT университетінде "Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық" деген атаумен халықаралық симпозиум өтті.

Оған ҚХР Білім министрі Хуай Цзиньпэн, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Жібек жолы университеттері альянсының хатшылығы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев, Сиань Цзяотун университетінің ректоры Чжан Лицюнь, Астана IT университетінің ректорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев және 20 жоғары оқу орнының ректоры қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу